Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Басты мəселе - спорт кешенін салу

Сәрсенбінің сәтті күні Қызылқоға, Жамбыл, Тасшағыл ауылдық округтерінің әкімдері жылдағы дәстүр бойынша халық алдында есеп берді.

Кездесулер санитарлық талаптарды сақтай отырып, өткізілді. Бір айта кететініміз - карантиндік шектеулерге байланысты, «Қызылқоға ауданының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2021 жылғы міндеттері» туралы аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің халық алдындағы жылдық есебі 2021 жылдың 5 ақпаны күні сағат 10.00-де онлайн форматта өткізілетін болады.

Осыған орай, ауыл әкімдерінің есептік кездесулерінде аудан басшысы аудан бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттері туралы әр округ халқының алдында хабарлама жасады. Бұл өз ретінде ауыл халқының аудандағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен және өзге де ауылдық округтерде атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар болуына, жұмыстардан қорытынды жасап, алдағы міндеттерді айқындауға, тұрғындарды мазалаған сұрақтар мен ұсыныс-пікірлерді бірінші кезекте ескеруге мүмкіндік береді.

⠀ - Жалпы, күнделікті аудан тағдыры мен ел игілігі үшін атқарылған әрбір нәтижелі істің бағасын беріп, баянды ететін де, кемшілігі мен олқы кеткен тұстарын түзеп, сынайтын да – халық. Ал сол халық пен мемлекеттік орган арасында ажырамас байланыс орнатуда осындай есепті кездесулердің маңызы ерекше. Себебі, ауданымыз бен ауылдық елді мекендерде шешуді талап ететін мәселелер жеткілікті,-дейді аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев.

⠀Есеп беру барысында, Қызылқоға ауылдық округінің әкімі Қанат Қайруллин былтырғы жылы жасалған жұмысты баяндаса, ауыл тұрғындарын ауылда тозығы жеткен бастауыш мектепке жаңа ғимарат құрылысын салу мәселесі, ауыл үшін қажетті мәдениет үйі, спорт кешені, өрт сөндіру бекетінің, спорт алаңдарының болмауы мазалайтындығы ашып айтылса, Жамбыл ауылдық округінде округ әкімі Медет Қабылқайыровтың баяндамасынан соң, тұрғындар тарапынан заманауи талаптарға сәйкес балабақша ғимараты мен спорт кешенін салу, округке қарасты Айдын елді-мекеніне орталықтандырылған ауыз су желісін тарту қажет деген ұсыныс айтылды.

⠀Ал, алғаш рет округ тұрғындары алдында есеп берген округ әкімі Гүлшара Ізімованың баяндамасынан кейін Тасшағыл ауылының тұрғындары ауылішілік қатқыл табанды автокөлік жолдарын салып, ауыл жастары үшін спорт кешенінің, ауылдық дәрігерлік амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі қажет екендігі, округке қарасты Қоғам, Қоныстану елді мекендеріне орталықтандырылған ауыз су желісін тарту және 3G интернет байланысын қосу керектігі мәлім болды. Тұрғындардың көтерген мәселесіне жауап берген аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев: ⠀

- Есепті жылда Қызылқоға және Жамбыл ауылдарында жаңа фельдшерлік-дәрігерлік амбулаторияларының құрылыс жұмыстары аяқталып, Тасшағыл ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, Қарабау ауылындағы бастауыш мектептің жаңа ғимаратының, Тасшағыл ауылына жаңа спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Биылғы жылы Тасшағыл дәрігерлік амбулаториясы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталатын болады,-деді. Кездесулер бүгін Көздіғара, Ойыл, Жангелдин ауылдық округтері әкімдерінің есептерімен жалғасуда.

Бауыржан Сисенов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521