Бүгінде жастардың білімді әрі діни сауатты болғаны өте маңызды. Себебі, ел арасына іріткі салуды көздеген жат ағымдар жас буынды өз қатарларына тартып, саналарын улап жатқаны жасырын емес. Сондықтан жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеп, жол көрсетіп отыру керек. Соған орай, таяуда «Арман» мәдениет үйінде «Дін және жастар» тақырыбында Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлымен кездесу өтті.
Оған ауыл үлкендері, жастар және ауыл тұрғындары қатысты. Кездесуді аудан әкімі Қанат Әзмұханов ашып, жүргізіп отырды.
Жиында сөз алған Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы:
– Қасиетті Қызылқоға ауданына бір айдың ішінде үшінші рет келіп отырмын. Өткенде Сағыз, Миялы ауылының үлкендерімен кездессем, одан кейін мешіт жамағатымен дидарластым. Бүгін аудан жастарымен кездесіп отырмын. Еліміздің болашағы жастар десек, олардың білімді, ұлтжанды әрі иманды болғаны абзал. Себебі, «Отанды сүю – иманнан» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Ендеше, әрбір ауылда елі мен ұлтының қамын ойлайтын иманды ұрпақ көбейе берсін, - деді.
Сонымен қатар бас имам отбасындағы тәрбие, жат ағымнан сақтану, мешіт әдебі, садақадағы ысырапшылық тақырыбында әңгіме өрбітті. Артынша жиынға қатысушылар бас имамға көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.
Дулат БЕРІКҰЛЫ