Биылғы көктемгі өр суының қарқыны қатты болып, біраз жұртты әбігерге салғаны белгілі. Әсіресе, Көздіғара ауылдық округіне аса қауіп төндіріп, бірнеше тұрғын баспанасынан айырылған болатын. Десе де, тілсіз жаудан зардап шеккен тұрғындар қамқорлықсыз қалмады.
Алғашында суға кеткен малы мен дүние-мүлкіне мемлекет тарапынан қаржылай көмек берілсе, бүгін баспанасыз қалған көздіғаралық төрт тұрғынға су жаңа пәтердің кілті табысталды.
Аталмыш салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Көктемгі су тасқыны аудан халқына оңайға соқпағаны белгілі. Соған қарамастан ел болып ұйымшылдық пен бірліктің үлгісін көрсете алдық. Аудан халқының ерлігі бүкіл елге мәлім болды. Дегенмен, сол уақытта аудан бойынша 24 үй су тасқынынан бүлінген болатын. Сол 24 үйдің ішінде 20 отбасы өздерінің келісімімен қаржылай өтемақыларын алса, бүгін 4 отбасы жаңа баспанаға ие болып отыр. Ендеше, баспаналарыңыз берекелі болсын, - деген тілегін білдіріп, Өтеген Сұлтанғалиев, Илан Зағыпарова, Амандық Жұмабаев, Алдияр Қақабаевтарға су жаңа пәтердің кілтін табыстады.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН