Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Бақташы шығару ұйымдастырылуы қажет

Көздіғара ауылдық округі әкімінің есеп беру жиыны «Самал» мәдениет үйінде өтіп, жиынға қатысушылар округ әкімі Абат Ақбалашұлының бір жылдық есебін тыңдады.

Округ әкімінің баяндамасынан білгеніміздей, өткен жылы 9 шаруа қожалығы асыл тұқымды аталық бұқа алып, селекциялық жұмыстар жүргізсе, «Тәжі», «Айбек», «Ақерке», «Нұр» және «Медет» шаруа қожалықтары күн панелдерін қондырды. 2018 жылмен салыстырғанда малдардың бруцеллез ауруына шалдығуы мүйізді ірі қара малы арасында 11 басқа азайса, қой-ешкі 247 басқа артып отыр. Бұл ретте, өткен жылы Қоныстану ауылы бойынша шілде айынан бастап округ әкімінің шешімімен ұсақ малға шектеу қойылды. Жыл ішінде жұмыссыздар есебіне тіркелген 91 адам ақылы қоғамдық негізде жұмысқа тартылса, 20 адам маусымдық, 6 адам тұрақты, 11 адам вахталық, 4 адам әлеуметтік жұмыстарға орналасты. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Қоныстану ауылынан балалар ойын алаңы салынып, жаңадан салынатын 80 үйдің жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда.

kozdigara1-2

– Бүгінгі күні балабақша кезегінде 20 бала тұр. Сондықтан, жаңадан заманауи үлгідегі 100 орындық балабақша салу қажеттілігі туындауда. Сондай-ақ, жастар мен жасөспірімдер дайындалатын спорт ғимараты керек, - деді жасалған жұмыстармен қатар өзекті мәселелерді көтерген округ әкімі Абат Ақбалашұлы.

Округ әкімінің баяндамасынан соң сөз сөйлеген ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Қайырғали Ерекенов бір жылдық есепті мақұлдайтынын айтса, зейнеткер Дәулет Табынбаев өткен жылы округ бюджетіне қанша қаржы қаралғаны, ауыл жастарының жұмысқа орналасуы, шағын топқа балалардың қабылдануы және еріктілер жылына орай дайындықтары қандай екендігін сұрады. Ал, ауыл тұрғыны Қайырбай Жакупов мал көбейген сайын ұрлықтың да белең алып отырғанын тілге тиек етіп, үш бас түйе малы мен бір өгізі жоғалуына орай аудандық полиция бөліміне арыз түсіргенін айтты. Тұрғындардың сауалына округ әкімі, тиісті сала мамандары жауап берсе, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұркен Нұғманов биылғы жылдан бастап қылмыстық кодекске арнайы мал ұрлығына қосылған бап бойынша енді мал ұрлаған адамның мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын, айтылған қылмыстық оқиғаға байланысты іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етіп, мал ұрлығын болдырмау мақсатында үш жақты келісім шарт жасап, бақташы шығару қажеттігін түсіндірді.kozdigara3

Аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:

– Өткен жылы ауданда біраз игі істер атқарылғанымен әлі де шешімін таппай жүрген мәселелер жетерлік. Соның бірі – балабақша. Бұл бағытта облыстық бюджеттен қаржы сұрап, кезекпен шешуге жұмыстанып, Қосқұлақ пен Бүйрек елдімекендеріне ауыз су жүргізумен айналысамыз. Спорт мектебіне талапқа сай ғимаратты мемлекеттік коммуналдық меншікке сатып алу арқылы биыл шешіледі. Мал ұрлығының алдын алу үшін ауыл әкімдері бақташы шығаруды ұйымдастыру қажет, - деп жиынды қорытындылады.

Есеп беру жиындарынан соң барлық округтерде аудан әкімінің қабылдауы ұйымдастырылды. Онда жұмысқа орналасу, тұрғын үй, интернет желісін тарту мәселесі бойынша келген ауыл тұрғындарына заң шеңберіне орай жауап берілді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT