Кеше аудан әкімі Қанат Әзмұханов "Бәйтерек" мешітінің асханасынан ораза ұстап, ауыз бекіткен барша аудан тұрғындары мен су тасқынының алдын алуға белсенділік танытқан еріктілерге ауызашар берді.
Алдымен, аталмыш мешіт бас имамы Мұрат Сұлтанов ауыз ашардың мол сауабы мен оразаның қасиеттері туралы қысқаша түсіндіріп өтті. Одан соң, сөз алған аудан басшысы:
«Рамазан – барша мұсылман қауымы үшін ерекше ай екені белгілі. Әркез халқымыз ата-баба салтына сай дархан көңілдерін, ризашылық ниеттерін дастарқан жаю арқылы жеткізетіні белгілі. Осыған орай, ауданда су тасқыны болған кезде жұдырықтай жұмылған ауыл жастары мен еріктілерді арнайы шақырып, алғыс білдірмек ниетте «Бәйтерек» мешітінде ауыз ашар дастарханын жайып отырмын. Табиғи апаттан қорғану жолында бірлік пен жанкештілікті бір арнаға тоғыстыра білген аға буынның, айрандай ұйып ауызбіршілік танытқан аудан халқына және ауданды қорғау жолында күн-түн демей еңбек еткен ауыл жастарының ұйымшылдығы мен табандылықтарына ел куә болды. Қашанда осындай ауызбіршілігіміз артып, ортақ іске ұйыса берейік» деді.
Берекелі отырыста тағылымды насихат айтылып, ақсақалдар батасын беріп, "Оразадан оразаға жете берейік" деген тілек білдіріп, ризашылықпен тарқасты.
Кәмшат ӘБІШ
Суреттерді түсірген Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН