14 наурыз - қазақ халқы үшін ең айтулы күндердің бірі.
Себебі, бұл күні жасы кішілер үлкендерге барып көрісіп, «Бір жасыңызбен» деп құттықтап, бір-бірін қуанышқа бөлейді. Бұл ізгі дәстүрді берік ұстанған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев пен аудандық мәслихат хатшысы Альберт Аққайнанов Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдық округтерінде болып, жасы үлкен ақсақалдар мен еңбек ардагерлеріне көрісе барды.
– «Қарты бар елдің – қазынасы бар» демекші Сіздердің әрбір айтқан бата-тілектеріңіз кейінгі жас буынға рухани азық. Ортамызда аман-есен отыра беріңіздер. Дендеріңіз сау болып, әр жыл сайын осылай көрісуге жазсын, - деді аудан басшысы.
Аудан басшыларының арнайы келіп, көрісіп, амандық сұрасқанына ризашылық білдірген сағыздық ұлағатты ұстаз Әбділқайыр Молдашев:
– «Ұлық болсаң кішік бол!» дегендей үлкенді сыйлап, көрісіп келіп жатқандарыңа рахмет. Біз кезінде осы ауданның дамуына азды-көпті үлесімізді қосып, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп жатқан жандармыз. Қазір жасым – 84-те. Елдің жайын газеттен оқып, біліп отырамын. Соңғы жылдары ауданда ауқымды істер атқарылуда. Соның бәріне тілекшіміз, - деп ақ батасын берді.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН