Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен аудандық мәслихаттың кезекті LXІ сессиясына аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев, мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары және тиісті бөлім басшылары қатысты.
Мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали төрағалық еткен сессияда депутаттардың назарына алты мәселе ұсынылды. Сессияда аудандық мәслихаттың өткен жылғы №ХLVІІ-3 «2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне енген өзгерістер және «2021-2023 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» хабарлама жасаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Құралай Сәлімгереева мәслихат депутаттарына 2020 жылға аудан бюджетінде кірістердің 8 527 387 мың теңге, шығындардың 9 785 909 мың теңге, ал 2021 жылға кірістер мен шығындарға 2 222 936 мың теңге көлемде бекітуін ұсынды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының өткен жылғы №291-VІ Заңына сәйкес келесі жылдан бастап аудандық деңгейдегі білім бөлімі, мектептер мен балабақшалар, қосымша білім беру ұйымдары, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі облыстық деңгейге берілуіне байланысты аудан бюджетінен 4 433 771 мың теңге облыстық бюджетке кері қайтарылатынын қаперге берді. Сонымен қатар, жиында аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ержан Нұралиннің 2020-2021 жылдарға арналған мал жайылымдарын басқару және пайдалану жоспары тыңдалып, бекітуге ұсынылды. Сессияда қаралған мәселелердің барлығы да мәслихат депутаттарының келісімімен бекітілді.
Бауыржан САҚТАСИНОВ