Қашанда, үлкенін сыйлап, қарттардан бата алған елде бақ-береке орнайтындығы белгілі. Осы орайда, аппарат басшысы Асылбек Жанқуатов, Миялы ауылдық округі әкімі Сәндібек Салықов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асқар Ақтаевтар аудан орталығындағы бір топ қарттың үйлеріне атбасын бұрып, төл мерекемен құттықтады.
Олардың арасында, биыл 75 жасқа қадам басқан Танзира Есенғалиева, Темір Бермағанбетов, Нахия Қопанова, Сисен Махамбетов, Майра Меңдіғалиева, Қабдрахман Қапашев, Найзабек Аралов, Мәдина Бертілеу, Шолпан Есетова және тағы да басқа қарттар бар. Қариялар төл мерекеде құттықтап келген аудан басшыларына ризашылығын білдірсе, биыл 97 жасқа иек артқан Ұлжан Темірболатова:
- Тіршілікте Алланың берген жасын жасаймыз ғой. Десек те елдің тыныштығы мен бейбітшілігіне жететін ешнәрсе жоқ. Өйткені, соғыстың зардабы мен қиыншылығы өз алдына жақын адамдарыңнан айырылудың өзі үлкен қасірет. Сол себепті, жаманшылық атаулыдан ада болайық. Қарттар күнін де елеп-ескеріп жатқан ел азаматтары, балаларым бәріңе алғысым шексіз. Ұрпағымыздың болашағы жарқын, келешегі кемелдене берсін!, - деген тілегін білдірді.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА