Өткен аптаның жұмасы күні Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай «Арман» мәдениет» үйінде салтанатты жиын өтті.
Онда алдымен мәдениет үйі қызметкерлері шағын көрініс көрсетсе, құттықтау тілегін білдірген аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жәнібек Тұрдағалиев:
– «Өткенін ескермеген өшеді, өткенін қастерлеген өседі» демекші тәлімі мол тарихтың куәгерлері бүгінгі күні біздің ортамызда. Бүгініңді бүлдіріп қана қоймай болашағыңа балта шабатын 10 жылға созылған бұл соғыстың аяқталғанына 31 жыл болды. Біреулер үшін бұл күн қатардағы күннің бірі болар, ал біз үшін – тарихи күн! Тағдырлы күн! Майдангер азаматтар қашанда жастарымызды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі десек, сіздердің лайықты ізбасарларыңыз ретінде жастарымыз жаңа Қазақстанның болашағы үшін, Мәңгі ел болатын Қазақ елі үшін тер төге аянбай еңбек етулері қажет. Баршаңыздың жанұяларыңызға амандық, бақыт, құт-береке тілеймін! - деді.
Бұдан кейін салтанатты жиынға қатысқан ауған соғысы ардагерлеріне аудан әкімінің алғыс хаты табыс етіліп, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин мен аудандық ауған соғысы ардагерлер ұйымының төрағасы Марат Сәрсенғалиев құттықтау сөз сөйледі.
Шара барысында аудан өнерпаздары Хайролла Мәдиев «Ауғанстан», Жұмагелді Әділов «Алға, қазақ жігіттері», Заманбек Абзалұлы «Жаса, Қазақстан», «Арман» квартеті «Туған жерім тамаша» әндерін орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Бауыржан САҚТАСИНОВ