Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХLІХ сессиясы өтті.
Оған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев, аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали және мәслихат депутаттары мен бөлім, мекеме басшылары қатысты. Жиынға мәслихат депутаты Альберт Аққайнанов төрағалық етті. Сессиянның күн тәртібіне сай аудан әкімі аппаратының басшысы Асылбек Жанқуатов депутаттар назарына ауданның басқару схемасын ұсынды.
– Атырау облысы әкімдігінің 2013 жылғы 28 маусымдағы «Жергілікті атқарушы органдардың штат саны лимиттерін бекіту туралы» №253 қаулысына сәйкес Қызылқоға аудандық ветеринария бөлімінің 2 штат бірлігі облыстық ветеринария басқармасына, 3 штат бірлігі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясына берілді. Соған сай, аудандық ветеринария бөлімі таратылып, ауданның басқару схемасы қайта жасалды. Осы орайда, қайтадан жасалған ауданның басқару схемасын бекітуді ұсынамын, – деді аппарат басшысы.
Бұдан кейін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Гүлмира Өтеуғалиева Қызылқоға аудандық мәслихатының 2015 жылғы 18 қарашадағы №ХХХV-3 «Қызылқоға ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің қағидасын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы хабарлама жасады. Сондай-ақ, сессия барысында аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ержан Нұралин аудан әкімдігінің 2018 жылғы 20 қарашадағы №314 «Қызылқоға аудандық жер комиссиясын құру туралы» қаулысына өзгерістер енгізу туралы ұсыныс берді.
Мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі мәселелерді бірауыздан қолдап, қаулы жобасы қабылданды.
Дулат МӘТЖАН