Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚАЛЫМ ӘЖЕНІҢ ЖҮЗІНШІ КӨКТЕМІ

Соғыс жылдарында қан майданға аттанған ерлердің жұмысын қара нардай қасқая көтеріп, тылда жанқиярлықпен еңбек етіп, жеңісті жақындатуға зор үлес қосқан аналар ауданда саусақпен санарлық екендігі сөзсіз.

Солардың бірі – қазіргі таңда Сағыз ауылында тұратын Қалым Сақып әже. 1922 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Көлтабан ауылдық кеңесінде дүниеге келген Қалым әже бүгінде жүзінші көктеміне қадам басып, ғибраты мол ғұмыр кешіп келеді.   1940 жылы Жданов атындағы ұжымшарда жұмысшы, 1941 жылдың қазан айында Ноғайты теміржол бекетінде жол жөндеуші болып еңбек еткен кейіпкеріміз 1943 жылдың қыркүйек айында «Астрахань-Атырау» теміржолын салуға жіберіледі. Өткен күндерді ой елегінен өткізген Қалым әже:

Менімен бірге жүздеген қыз-келіншектер болды. Әрине, жағдай ауыр. Үй жоқ, жертөле қазып сонда тұрдық. Отынымыз қамыс пен отқа жанатынның бәрі. Сөйтіп, майдандағы ер азаматтардың орнын басып мойымай еңбек еттік. Атырау мұнайын қысқа жолмен фронтқа жетуіне өз үлесімізді қостық. Бұл уақытта ауылдағы жағдайда мәз емес еді, халықтың жағдайы нашар. Сауаты жоқ, соғысқа жарамсыз адамдар басқарды. Шаш ал десең бас алатын ұрда жық әпербақандар. Әкем сол жылдары колхоздың жылқысын бағушы еді. Бір құлынды қасқырға алдырғаны үшін сотталып кете барды. Өзі сауаты жоқ жуас адам тұғын. Сол кеткеннен мол кетті. Бес баламен анам жалғыз қалып әйтеуір өлмешінің күнімен бәрін жеткізді. Өмір алға жылжып Жеңіс күнін де көрдік. 1946 жылы соғыстан оралған Сағыз ауылының тұрғыны Іңірбай Сақыпов деген азаматпен тұрмыс құрдым. Содан тұрмысымыз түзеле бастады. Күйеум өте еңбекқор болды. Екеуміз 20 жыл Ленин атындағы кеңшардың №5,1 фермаларында малшы болдық. Баққан малдарымызды 100 пайыз аман сақтағанымыз үшін мәртебеміз жоғары болды.Жолдасымның еңбегі бағаланып, «Құрмет» тақтасына есімі жазылды. Бүкілодақтық Халықшаруашылығы көрмесінің күміс, қола медальдарымен марапатталды. Мен үш дүркін аудандық Советтік депутаттығына сайландым. 1979 жылдан 1983 жылға дейін шопан болып, абырой биігінде зейнеткерлік демалысқа шықтық. Жолдасым Алланың берген жасын жасап 84 жасында өмірден өтті. Отбасымызда көбейіп өмірге екі ұл, екі қыз келді.Балаларымыздың арқасында, өмірдегі бар жақсылықты көрдік. Латвия, Украина, Ресей және еліміздегі деңгейі санаторияларға барып емделдік. Қазір үлкен баламның қолындамын. Келінім босағама келгеннен менің қасым мен қабағыма қарап бағуда. Одан көргенін жасап, немелерім де келіндерім де бағуда. Бөлек шыққан екінші бала келінім де кезінде дегенімді жасады. Жұмысқа байланысты Құлсарыда тұрады. Ай сайын бала-шағасымен келіп сәлемдесіп тұрады. Екі баламнан 6 немерем 2 немере қызым бар. Барлығы 16 шөбере 4 шөбере жиенім көріп отырмын. Екі қызымнан 14 жиенді болдым. Ғасырға иек артқан мен үшін бұдан артық қандай бақыт керек?  Кейінгі ұрпақ біз көрген қиыншылықтарды көрмей бақытты өмір сүрсе екен деп тілеймін.  Қазір бәрі бар. Тек еліміз аман, халқымның көзінен мейірім шуағы төгілсе екен деймін, - деп ағынан жарылды.

f042f861-2cf4-4771-8d62-63d2afdf646b

Иә, Құдайдың берген қажыр қайрат, нұрлы ақылының арқасында ғасырлық ғибраты мол ғұмыр кешіп, елдің  еңсесін көтеру жолында аянбай еңбек еткен Қалым әже бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, олардан немере-жиен, шөбере сүйген асыл әже. Үлкен ұлы Қаримолла Семей қаласындағықаржы, экономика техникумын, Алматы халық шаруашылық иститутын бітіріп, ұзақ жыл ауданнның дамуы жолында еселі еңбек етсе, екінші ұлы Елеусін жүргізуші болып, қажырлы қызмет атқарды.  Қазіргі таңда екеуі де зейнеткер. Олардан өрбіген ұлдар да әр түрлі салада елдің дамуы жолында қалтқысыз қызмет етіп келеді. Ендеше, биылғы жылы жүзінші көктеміне қадам басып отырған Қалым әжейді ғасырлық тойымен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Кеше аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Жақсиев, Жастар ресурстық орталығының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Нұрбол Бижанов, Сағыз ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Естай Мақсотов, Сағыз ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Тұрыш, Сағыз ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы, «Шұғыла» мәдениет үйінің директоры Ғафура Жанбосыновалар  ғасырдың ғибраты мол жасына қадам басып отырған Қалым әженің үйіне  ат басын бұрып, аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің құттықтау хатын табыс етіп, қазақы дәстүрмен камзол кигізіп, иығына орамал жапты. Осынау құрметке шексіз риза болған Қалым әже құттықтап келгендерге рахмет айтып, «Менің жасымды берсін» деп ақ батасын берді. Анасының жүз жасқа келуін елеп-ескеріп, ізгі тілектерін арнап  келушілерге Қалым әженің үлкен ұлы Каримолла ақсақал бастаған ұрпақтары алғыстарын жаудырып, ақ дастарханынан дәм татқызды.

 

Бауыржан АМАНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT