Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Алда атқарылар міндет зор

Өткен аптаның бейсенбісі күні «Арман» мәдениет үйінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ХХVI есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

Оған аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Арман Баженов, облыстық мәслихат депутаты Сайын Қуанышев, аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, аудандық мәслихат депутаттары, партия ардагерлері мен мүшелері қатысты. Жиынды ашқан аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Арман Баженов жиналғандарды күн тәртібімен таныстырып, конференцияның жұмысшы органдарын сайлау туралы ұсыныс тастады. Тізім бойынша бекітілген жұмысшы органдар бірауыздан мақұлданды. Содан соң, мандат комиссияның төрағасы, «Мұражай» бастауыш партия ұйымының делегаты Айбар Алтыбаев мінберге көтеріліп, конференция делегаттарының өкілеттіктерін растау туралы хабарлама жасады.

Конференцияның күн тәртібіне сай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттері туралы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали баяндама жасады. Ол Жолдауда айтылған басым міндеттерге тоқталып, енді осы міндеттерді орындауда партия мүшелерін белсенді жұмыс жасауға шақырды. Одан әрі «Нұр Отан» партиясы аудандық партия филиалы Саяси кеңесі және Саяси кеңес Бюросының 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстары жайлы аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Арман Баженов:

– «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан-2021:Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының бағыттары ауданымызда кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Партияның сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау мен білім беру салаларына айрықша көңіл бөлу туралы айтылған. Соған сай, ауданымызда Қарабау ауылынан отбасылық дәрігерлік амбулатория құрылысы басталса, Сағыз ауылында салынатын амбулаторияның сметалық құжаттары жасақталып, сараптамадан өтуде. Сондай-ақ, бюджет есебінен дәрігерлер үшін екі пәтерлі үш тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Білім беру саласы бойынша да атқарылған жұмыстар аз емес. Атап айтқанда, былтыр Тасшағыл ауылынан 100 орындық балабақша пайдалануға берілді. Биыл Сағыз ауылынан 424 орындық мектеп ашылып, оқушыларды қабылдаса, 290 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Одан бөлек Мұқыр ауылынан мектеп пен балабақша, Жамансор, Жантерек елдімекендерінен мектеп пен интернат салу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, ауданымызда партиялық ұйымдастыру жұмыстары да қарқынды жүруде. Бүгінгі таңда аудан бойынша 11 бастауыш партия ұйымы жұмыс жасайды. Өткен жылы облыстық партия филиалында «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтіп, онда Сағыз ауылдық округіне қарасты «Қарақияқты» бастауыш партия ұйымы екінші орынды жеңіп алды. Партияның «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Сәтті қадам», «Stop Қылмыс» жобалары бойынша да ауданымызда біраз игі істер жасалды. Бұл жобаларды жүзеге асыруда партия жанынан құрылған «Жас Отан» жастар қанаты мүшелері де белсенділік танытып келеді. Өткен жылы партияның аудандық филиалы жанынан Қоғамдық бақылау бөлмесі құрылғаны белгілі. Қоғамдық бақылау бөлмесіне 2017 жылы жеке және заңды тұлғалардан 210 өтініш түссе, осы жылдың тоғыз айында 138 өтініш түсіп, өтініш иелеріне нақты түсінік пен кеңес берілді. Партияның мақсаты – саяси жұмыс әдістерімен, қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті саяси жүйесі бар экономикалық мықты, демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құруға қол жеткізу болып отыр. Соның негізінде атқарылған істер аз емес. Алда одан да үлкен міндеттер тұр, – деді.

Баяндамадан соң кезек жарыссөзге беріліп, онда «Тасшағыл» бастауыш партия ұйымының делегаты, партиялық топ жетекшісі Гүлшара Ізімова, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Қуанышбек Каримов, «Мұражай» бастауыш партия ұйымының делегаты Зинеш Сарбуфеева және облыстық мәслихат депутаты Сайын Қуанышевтер сөз сөйлеп, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының есебіне оң баға берді. Содан кейін, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ХVIІІ есеп беру-сайлау конференциясына ауданнан баратын делегация тізімі ұсынылып, олар бірауыздан сайланды. Артынша конференцияның қаулысы қабылданып, жиын соңында партия белсенділері есебінде аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жанболат Нығметов, Жамбыл ауылдық округінің әкімі, «Қаракөл» бастауыш партия ұйымының төрағасы Сәндібек Салықов, әдістемелік, халық шығармашылығы және мәдени демалыс қызметін ұйымдастыру орталығының директоры Толқын Бақтыгереева, Сағыз ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Әлия Есқалиева, №6 педагогикалық-психологиялық кабинеттің меңгерушісі Нұрболат Гумаровтар «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының алғыс хатымен марапатталды.

Дулат БЕРІКҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT