Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ауданда «Билер кеңесі» құрылмақ

Жақында аудандық соттың мәжіліс залында сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін насихаттау және халықтың сотқа деген сенімін нығайту мақсатында аудандық соттың төрағасы Айтжан Досмағамбетова БАҚ өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдарды жинап, баспасөз мәслихатын өткізді.

Сот төрағасының айтуынша, еліміздегі барлық соттарда «Сот жүйесінің 7 түйіні» атты пилоттық жоба енгізіліп жатыр. Аталмыш жоба аясында «Судья-татуластырушы», «Фронт-офис», «Татуласу: сотқа дейін, сотта» «Түнгі сот», «Виртуалды сот» сияқты жаңа жобалар соттарда кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Бұл жобалардың басты мақсаты – судьялардың назарын татуластыруға аудару, сот ісін жүргізуді оңтайландыру және жеделдету.

Сондай-ақ, брифинг барысында аудандық сотта үшінші тоқсан бойынша жасалған жұмыстары да айтылды. Осы тоқсан ішінде облыстық сот төрағасы жарияланған конкурста сотқа дейін және соттан тыс татуластыру рәсімдерін қолдануда белсенділік танытқаны үшін кәсіби медиатор Гүлбаршын Марданова «Үздік медиатор» дипломымен марапатталған. Жоғарғы соттың бастамасымен қолға алынып жатқан тағы бір тың жоба – «Билер кеңесін» құру. Бұл бағытта да біздің ауданда жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Атап айтқанда, аудандық «Билер кеңесін» құру мақсатында аудан әкімдігі мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен кездесу өтіп, онда аудан бойынша жеті адам іріктеліп, «Билер кеңесіне» мүше болды. Алдағы уақытта аталмыш кеңес аудан өміріне етене араласып, даулы мәселелерге төрелігін айтатын болады. Брифинг барысында аудандық сот төрағасы Айтжан Досмағамбетова осы және басқа да атқарылған жұмыстарды баяндап, БАҚ өкілдері қойған сұрақтарға толыққанды жауап берді.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT