Бүгін – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл мерекенің жөні ерекше. Себебі, көк аспан түсті Туымыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Әнұранымыз – баға жетпес құндылықтарымыз. Осы құндылықтарға деген қарапайым халықтың құрметін қалыптастырып, жас ұрпақтың санасына отаншылдық сезімді сіңіру, патриот болуға тәрбиелеу әрбір азаматтың парызы. Ал оны осы күнгі ұрпақ қаншалықты сезінеді? Біз бүгін сол сұраққа жауап іздегенді жөн көрдік.
Жауапкершілік күшейді
Жалпы, бұл сауалдың салмағын аудан бойынша «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңы талаптарының орындалуын қадағалау мақсатында құрылған мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиясы көтереді. Комиссия отырыстарында мемлекеттік мекемелерде рәміздердің өзіндік стандарттарына сай болуы және соған сәйкес орналасуы жіті ескеріледі. Егер заң талаптарына қайшы келсе, онда ондай мекеме басшылығы әкімшілік құқық бұзғандығы үшін жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын бір және көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері ескеріледі. Мәселен, бір мен бесінші қабат аралығындағы (20 метрге дейін) ғимараттарда Мемлекеттік Ту (1х2 метр өлшеммен) ғимараттың төбесінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады. Қазіргі кезде Мемлекеттік Тудың ҚР СТ 988-2007, ал Елтаңбаның ҚР СТ 989-2014 ұлттық стандарттары қолданыста. Еске салсақ, 2018 жылдан бастап Елтаңбаның жаңа стандарты туралы заңнама күшіне енген еді. Жаңа стандарт бойынша Елтаңбаның түсі, көлемі және кейбір тұстары өзгерді. Сондай-ақ, ондағы әр бөлікке атау беріліп, бұрынғы 36 элементтің саны 41-ге артты. Мемлекеттік рәміздердің белгіленген осы стандарттарын қатаң сақтау – аудандағы барлық мекемелер үшін аса маңызды іс. Аудан бойынша жалпы Мемлекеттік Тудың саны – 114, Елтаңба саны – 279, мемлекеттік рәміздер бейнеленген стенд саны – 51. Қазіргі таңда 279 Мемлекеттік Елтаңбаның 273 жаңа стандартқа сай латын қаріпіне ауыстырылды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты түсі өңіп, дақтанған Мемлекеттік Елтаңбалар мен жыртылып, қалыпты түсін жоғалтқан Мемлекеттік Тулар уақытылы жаңартылып отыр. Аудан бойынша ауылдық округтерде мемлекеттік рәміздерді насихаттайтын барлығы 10 сыртқы жарнама құралы, 2 логотип орналасқан. Мемлекеттік рәміздерді қолдану мен ілгерілету жүйесін жаңғырту мақсатында аудан бойынша бөлім, мекеме басшыларының бұқаралық ақпарат құралдарына материалдар жариялау кестесі бойынша аудандық «Қызылқоға» газетіне төрт мақала және аудан әкімдігінің ресми парақшасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері» атты айдар ашылып, төрт мақала жарияланды. Мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мемлекеттік органдар, білім және мәдениет мекемелері үшін стратегиялық маңызды міндеттердің бірі саналады. Бүгінде мемлекеттік рәміздерді дайындау және пайдалану кезіндегі орын алған кемшіліктерге деген жауапкершілік күшейді.
Гүлжихан МАРАТҚЫЗЫ,
аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы
Кеудемді қуаныш кернейді
Біз Тәуелсіз елдің ұрпақтарымыз. Елдің тәуелсіздігі баға жетпес байлық деп ұғынсақ, мемлекеттік рәміздер мақтанышымыз деп айта аламыз. Кішкентаймыздан Әнұран, Елтаңба, Ту деген ұғымдарды бойымызға сіңіріп өстік. Оларды қашанда құрметтеу керек екендігін ұғындық. Өзім спортшы ретінде айтар болсам, талай жарыстарда бақ сынадым. Сол сәттерде көк туымыз желбіреп, әнұранымыздың шырқалуы менің жеңіске деген сезімімді оятатын. Әнұран шырқалып, көк туымыз биікке көтерілген кезде кеудемді қуаныш кернейтін. Сол сәтте ерекше бір сезімде боламын. Өйткені, мен елдің намысын қорғап қана қоймай, перзенттік борышымды ақтадым деп ойлаймын. Өз елінің патриоты болу, «Елім маған не берді деп емес, мен еліме не бердім» деген қағида басты ұстаным ету керек.
Сұңғат ЗАКАРИЯЕВ,
спортшы
Балабақшадан басталуы керек
Мемлекеттік рәміздер – барша халықтың рухын көтеріп, мақтаныш сезімін оятатын белгілер іспеттес. Көк түсті Мемлекеттік Туымыз, Елтаңба мен Әнұранымыздың беделі асқақ әрі солай болуы заңды да. Өскелең ұрпаққа мемлекеттік рәміздерді құрмет тұтуды тек осы мейрамда емес, барша уақытта түсіндіріп, насихаттап отыруымыз аса маңызды. Ел егемендігін алған кезең, әнұран, ту мен елтаңбаның ресми бекітілген тұсы әлі күнге дейін есімізде. Балабақшаға баратын шөберелеріме тәрбиешілері осы кезден бастап ту мен елтаңбаның суретін көрсетіп, әнұран жаттатып жатады. Бір қарағанда, бұл мұғалімнің кішігірім жұмысы болғанымен, келер ұрпаққа берер тәрбиелік мәні орасан. Балаға мемлекеттік рәміздер туралы түсінік ерте жастан бастап түсіндірілуі қажет. Жоғарғы сыныптарда оның тарихы мен мемлекет үшін маңыздылығы жіті насихатталуы керек. Сонда ғана егемен елін сүйер, кең-байтақ жерін құрметтер ұрпағымыз өсіп жетіледі.
Мереке АЙЖАРЫҚОВ,
зейнеткер,
Құрметтей біл сен оны
Еліміз егемендігін алып, Тәуелсіздіктің ақ таңын қарсы алған уақыттан бастап өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу міндетіне баса мән беріле бастағаны белгілі. Әсіресе, мектеп оқушыларының бойына отаншылдық рухты ұялату жауапкершілігінің жүгі ерен. Осы орайда, мектеп жұмысы білім алушыны белгілі бір білім көлемімен қамтамасыз етуге емес, білім саласындағы негізгі құжаттар және бағдарламалық жобалар шеңберіңде қойылған міндеттер мен мақсаттарды шешуге бағытталуы тиіс екендігін естен шығармаған абзал. Яғни біздің алдымызда елдің жаңа азаматын және патриотын тәрбиелеу міндеті тұр. Әрбір азамат мемлекеттіліктің қалыптасу үдерісінде рәміздердің мәні мен алар орнын, маңыздылығын түсіне отырып, елдің Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұранын құрметтей білуі тиіс. Олардың қандай екендігін білу ғана емес, осы рәміздердің пайда болу тарихын зерделеп оқу арқылы өскелең буын Тәуелсіздіктің қадірін тереңірек түсінері хақ. Жақында ғана әлеуметтік желіде үш мектеп оқушысының білім құжаттарын қоқысқа тастап, елтаңбасын қорлаған көріп қатты қынжылғанмын. Қандай өкінішті жағдай? Балалықпен жасады деп ақтап алған күннің өзінде де олар өздері білім алған мектебін қорлап қана қоймады. Елдігімізге сын келтіріп, елтаңбасын қорлады. Кейде осындай балалықты шалалықпен жатастырған ұрпақтың өсіп келе жатқаны ащы болса да шындық. Сондықтан еліміздің білім ошақтары Тәуелсіз Қазақстанның ертеңі – жастардың бойына отансүйгіштік рухты сіңіру бағытындағы ізденістерді тоқтатпауы қажет.
Берік БЕЙІСОВ,
Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің мұғалімі
Пікірлерді жинақтаған: Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ