Сейсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде құтқарушылар күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков, мекеме, бөлім басшылары, азаматтық қорғау саласының ардагерлері мен қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында құттықтау тілегін білдірген аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков:
– Мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін қалыптастыру үшін 1995 жылы Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті құрылды. Соған сәйкес ауданымызда төтенше жағдайлардың алдын алу мен оның зардабын жоюды жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін қуатты жүйе қалыптасты. Сіздердің қызметтеріңіздің маңызы қоғамда ешкімді де бейжай қалдырмайды. Өйткені, өмірде қандай да болмасын оқыс оқиға, тосын апат, төтенше жағдайлар орын алғанда сіздер қашан да алғы шептен табылып жүрсіздер. Сіздердің биылғы су тасқыны кезінде мүлтіксіз қызметтеріңіз бен қысқы уақытта адам жоғалу фактілері және де дала өрттерін ауыздықтаудағы қайсар қимылдарыңыз кәсіби шеберліктеріңізбен ұштасып жатыр. Бұл тұрғыда төтенше жағдайлар саласы қызметкерлерімен қатар аудан тұрғындарының еселі еңбегін бүгінгі кәсіби мерекеде айрықша атап өтемін. Құрметті сала ардагерлері, сіздердің қажырлы қызметтеріңіз ауданымыздың өткен өміріне қосылған зор үлес, бай тәжірибелеріңіз кейінгі лекке ұлағат деп білемін. Жауапты жұмыстарыңыз бен ерекше еңбектеріңіз адамдардың шексіз алғысымен бағаланады. Сондықтан да баршаңызға қайыспас күш-жігер, кәсіби жетістіктер тілеймін, - деді.
Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін №10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Ербол Қанашевті облыс әкімінің алғыс хатымен, сала ардагерлері Асылбек Төлепов, Ерсайын Жолбаев, Бөкенбай Серғазиев, Бауыржан Таушанов, Гүлбаршын Қапанова, Байдолла Дүйсенбеков, аудандық төтенша жағдайлар бөлімінің бастығы Ақан Смадьяров, бөлім инженері Жәнібек Өтешов, кәсіпкер Зейнола Баймұратовтарды және «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы, «Жаңа арна» ЖШС, «Семсер – өрт сөндіру» ЖШС Батыс филиалы, «СағызПетролеумКомпани» ЖШС ұжымдарын аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Сондай-ақ, мерекелік шарада аудандық мәслихат аппаратының басшысы Қанат Құмаров, Азаматтық қорғау кеңесінің төрағасы Марат Сәрсенғалиев құттықтау тілектерін білдіріп, №10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Жасұлан Салихов пен Айболат Қалиевке аудандық мәслихат хатшысының алғыс хатын табыс етті.
«Биыл Қазақстан Республикасы төтенше жағдайларға қарсы қызметінің құрылғанына 27 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында еліміз бойынша мемлекет аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою бойынша тапсырмаларды жоғары деңгейде шешуге қабілетті, жедел әрекет ететін қуатты және шұғыл жүйе қалыптасып, өз міндеттерін абыроймен орындауда. Осы орайда, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің құтқарушылары да күн сайын қандай қиыншылыққа тап келсе де өз ісін абыроймен атқарып келеді. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен қызметтеріңіз тәуелсіз Қазақстанның дамуына зор үлес қосатынына сенімдемін. Мереке құтты болсын» деп әріптестеріне ізгі тілегін арнаған аудандық төтенша жағдайлар бөлімінің бастығы Ақан Смадьяров сала ардагерлері Мақсот Каринді «Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғау органдарына 25 жыл» медалімен, Берік Башаров пен Марат Пшимовті «Қазақстан полициясына 25 жыл» медалімен, Марат Күзембаевты Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің ІІ дәрежелі «Мінсіз қызмет үшін» медалімен марапаттады.
Шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ