Ауданда есепші қызметін асқан жауапкершілікпен, табандылықпен атқарып жүрген мамандар жетерлік. Солардың бірі – Жарқынай Шәденова.
Ол 1982 жылдың 22 тамызында Миялы ауылында дүниеге келіп, 1999 жылы орта мектепті ойдағыдай аяқтап, Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішев атындағы университеттен «Қаржы және несие» мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын 2007 жылы Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте есепші болып бастаған ол одан әрі әр салада есепші, бас есепші қызметтерін абыроймен атқарып, бүгінде Тайсойған ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман есепшісі қызметін атқарады.
– Жетістігім – абыройлы қызмет етуім. Еңбекке араласуыма бірден-бір себепші болған ата-анама алғысым шексіз. Нағыз балаларының қызығын көрер шақта, өмірден ерте кетті. Айдың соңында кештетіп, түнімен жұмыс жасайтын кездерім болады. Сол кезде отбасым үлкен қолдау көрсетті. Әрдайым қасымда жақсы жандар Құралай Әділшеқызы, Қалимаш Халыққызы, Әзимаш Сүндетова апаларым болғасын, жұмыста көп қиындық болмады. Жұмыстағы ең қиын кезеңдер аудандық қазынашылық бөлімге құжат тапсырып, айдың, жылдың соңында ақша игеру кезінде есеп тапсыру еді. Сол кезде қазынашылық бөлімінің мамандары Қалау, Гүлзада, Бекжан, Елдос ағайлар көмектесті. Өзім де кейінгі келген жас мамандарға әркез қолдау білдіріп жүремін, - дейді кейіпкеріміз.
Қызметтен тыс уақытын отбасына арнайтын Жарқынай Елемесқызы жолдасы Исламғали Мәмбетжановпен екеуі екі қыз, бір ұлды тәрбиелеп отырған ардақты ана. Мемлекеттік қызметтен қолы қалт етсе уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстанып, волейбол ойынына қатысып, мекемеаралық жарыстардан жүлделі оралып жүр.
Әрине, сала жұмысын дамытуда есепшілердің біліктілігін арттыру семинарлары маңызға ие екені белгілі. Осы ретте есепшіліктің қыр-сырын жақсы білетін бас есепші Жарқынай да біліктілігін арттыру курстарынан өтіп тұрады. Одан бөлек, үлгілі әрі жемісті қызметі үшін қаржы бөлімінің басшысы, аудандық мәслихаттың хатшысы, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ендеше, ел экономикасының дамуына зор үлесін қосып жүрген қаржыгерге жемісті жұмыс тілейміз.
Кәмшат ӘБІШ