Ел тарихындағы ең маңызды күндердің бірі – 15 қараша екендігі мәлім. Себебі, 1993 жылдың дәл осы күні ұлттық валютамыз айналымға еніп, әрі қаржыгерлердің кәсіби мерекесі болып бекітілді. Міне, содан бері 29 жыл уақыт өтті. Осы аралықта төл теңгеміз нығайып, еліміздің қаржы айналымы да біраз есеге артты. Сондай-ақ, жыл сайын жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің артуы да тұғырлы Тәуелсіздіктің жетістігі екендігі айқын. Бұл ретте, қаншама маман еселі еңбек сіңіріп келеді десеңізші? Осы орайда, он екі жылға жуық аудандық жұмыспен қамту орталығының маман-есепшісі Дастан Нұржекеновтің шоқтығы биік.
Ол 1991 жылдың 15 қазанында Қоныстану ауылында дүниеге келіп, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебінің 9 сыныбын бітіргеннен кейін 2010 жылы Орал қаржы-экономикалық колледжін тәмамдайды. Көп ұзамай Батыс-Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінен Есеп және аудит мамандығын алып шығады. Еңбек жолын аудандық экономика және қаржы бөлімінде жастар практикасымен бастаған ол 2011 жылдан бері халықты жұмыспен қамту орталығында маман-есепші қызметін атқарып келеді.
- Өз ісіне өте тиянақты, білгір маман деп Дастан Серікұлын толықтай айта аламын. Өйткені, 2011 жылы жас маман боп екеуіміз жұмысқа қабылданған болатынбыз. Дастанның бір қасиеті - әркез көңілді, ұжымдастарға әзіл-қалжыңымен көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Ұқыпты, өз саласын жетік біледі. Осы тұста, әріптесіміздің жеткен жетістіктері де жоқ емес. 2012 жылы аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының Алғыс хатымен марапатталып, 2017 жылы «Жылдың үздік есепшісі» атанды. 2020 жылы Атырау облыстық мәслихат хатшысының Алғыс хатына ие болды. Бұл да Дастан Серікұлының еңбегінің бағаланғаны деп білемін. Ендеше, әріптесімізді төл мерекесімен құттықтаймыз, - дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Жанбибі Иманалиева.
Абырой өз жұмысына қаншалықты жауапкершілікпен қарап, қаншалықты ынта-жігермен жұмыс жасауына байланысты келетіндігі сөзсіз. Осыны жете түсінген кейіпкеріміз:
«Барлық кәсіп өздігінше ерекше және маңызды. Әр кәсіптің өзіндік ерекшелігі, өзінің қайталанбас тарихы, өз құндылығы және өз батырлары бар. Бұл мамандыққа алғаш келгенімде жол сілтеген Құралай Сәлімгереева, Роман Кәдірғалиев, Назгүл Сартова, Гүлзура Кенжебековаларды ерекше атап өткім келеді. Себебі, жас маманның жетістікке жетіп, сол саланы игеруі тәжірибемен келетіні айқын. Бүгінде табан аудармастан осы бөлімде еңбек етудемін. Әрине, барлық қаржыгерлерді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, келешекте де Қазақстан экономикасының қаржы әлеуетін дамытуға, күшейтуге және де кәсіпкерлік секторының қаржы жағынан ырысты-берекелі болуына мүмкіндік туғызуға бағытталуына тілектеспін» дейді ағынан жарылып.
Теңгенің енгізілген сәті – Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихындағы ең айқын парақтардың бірі. Бұл тарихи шешуші оқиғаның еліміздің бүгіні мен болашағы үшін бағасы зор екендігі баршамызға мәлім. Негізінен, қаржы саласы қызметкерлерінің жемісті еңбегінің маңызды көрсеткіштерінің бірі – бюджет кірістерінің тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Ендеше, мемлекеттік жүйенің маңызды бөлігін дамыту мақсатында аянбай еңбек етіп жатқан Дастандай қаржыгерлер көп болса игі дейсің.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА