«Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам... Зытып келе жатқаным – қашып келемін. Артыма қарай беретінім – қорқып келемін...», деп басталатын шығарма бәрінің есінде болар. Бұл барлық балаға таныс 5-сыныпта өткен Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романынан алынған «Жаңа достар» әңгімесі болатын. Ол әңгімені бәріміз қызыға оқыған едік. Әсіресе, әңгіменің қалай аяқталатыны назарды аударды. Осы романның басты кейіпкері Қайрош Кеңес одағының батыры Қайырғали Смағұлов еді.
Ол 1919 жылы Атырау облысы Махамбет ауданында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған соң анасы Биғайша өзі өсіріп, тәрбиелейді. Жастайынан оқуға, білім алуға талпынған Қайырғали Смағұлов 1933 жылы Орал қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Артынан анасы іздеп келген уақытында білімге құштар боп сонда оқуға қалуды ұйғарады. Балалар үйінде достары оны Костя деп атаған. 1939 жылдың аяғында ол Қызыл Армия қатарына шақыртылады. Ал, соғыс басталған жылы ол 22 жаста болған. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап фашистермен айқасып, Қырым мен Кавказда да ерлік көрсетіп, «Қызыл жұлдыз» орденін алады. Елге келгеннен кейін де бейбіт өмірге араласып, іске алғырлығын көрсете білді. Сондай-ақ, Атыраудағы білім беру мекемелерінде басшылық қызметтерді атқарды. Қазір өзі өскен Қайыршақты ауылында да батырға арналған мұражайлар, көше, алаң бар. Қайырғали Смағұлов 1996 жылдың 22 қазанында қайтыс болды.
Сұрапыл соғыс кезінде қаншама түндерді ұйқысыз өткізіп, елін, отанын қорғауға жанын аямаған батыр ағамыз Қайырғали Смағұловтың өмірін біз әрқашан ұмытпауға тиіспіз деп санаймын.
Ханбибі МАКАРОВА, Ы.Шөреков атындағы мектеп- гимназиясының оқушысы.