Бұл оқиға соғыс кезінде болған-ды. Бәрі қарғыс атқыр Сәлім шолақтың кесірі. Олар қарлы таулар қоршаған, аудан орталығынан алыс қыстақтардың бірінде тұратын. Біздің Исақұл биік жота етегіндегі жаңғақ тоғайының күзетшісінің ұлы-тын. Соғысқа дейін жотаның арғы жағындағы орталау мектепке қатынап оқитын он-он бір жасар ғана балақай еді. Соғыс басталысымен ер – азаматтар майданға аттанды. Оның қылқиған арық дімкәс әкесі де өз еркімен сұранғаны, иә, шақыру қағазын алғаны белгісіз, әйтеуір жұрт қатарлы майданға кетті. Ал, Исақұл болса, әкесінің орнына жаңғақ тоғайының қорықшысы болып қала берді.
Көктем айының жылы күндерінің бірі болатын. Исақұл бір құшақ отын арқалап соқпақ жолмен келе жатып, қақпа жанында апасымен әңгімелесіп тұрған байланыс бөлімшесінің бастығы Сәлім шолақты көріп қалды. - Біздің Исажанның білімі онша көп болмаса да,әйтеуір сауатты.
– Бұл апасының дауысы.
- Иә, әне, Исаның өзі де келе жатыр! Құдай жар болсын, інішек! Сәлім шолақ Исақұлға ілтипат көрсетіп, құдды бір ересек адаммен жолыққандай қол беріп амандасты. Бала таңданып қалды.
- Кәне, жеңеше, мен асығыспын, бұл мәселеге қайтып оралудың жөні жоқ қой деп ойлаймын. Қазіргі жағдайдың қандай екенін өзіңіз де білесіз. Исақұл інім, сен ертең маған соғып кет, жарай ма? – деп, Сәлім шолақ Исақұлдың жауырынынан мейірлене қақты да, мүгедектігіне қарамастан әскердегі үйреншікті әдеті бойынша кілт бұрылып, ақсаңдай басып кете барды.
Иә, ауыр кезең, қысылтаяң жағдай, үлкен-кіші деп сылтау айтудың жөні жоқ, қала берді, соғыс жағдайы соны талап етеді. Исақұлдың үйелмелі – сүйелмелі үш інісі бар, олар тұттай жалаңаш. Қысқы киімдері жоқ, аяқ киім де алу керек. Оның үстіне ішер астың да жайы белгілі. Шашына ақ қылау кіре бастаған жалғызілікті ана балаларын күтсін бе, түзде еңбек етсін бе, үй шаруасына қарасын ба – қайсысына жарылсын? Оның тапқан-таянғаны неге жетеді дейсіз. Тұрмыс қаракетінің ауыртпалығы енді келіп Исақұлдың мойнына түсті.
Анасы жаңғақ тоғайына күзетші болуға келісті. «Е-е, балам. Анау майдан даласында жұрттың бәрі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ел үшін, жер үшін қу жанын шүберекке түйіп жүрген жоқ па... Әлде бір нәкөс болмаса, ел мүлкіне кім көз алартар дейсің!»
Исақұл таңмен таласа тұрды. Суықтан бойы тітіркеніп, бір кезде әкесінің сән-салтанатқа киетін, қазір күн көзінен оңып, әрі тер иісі аңқыған ескі бешпентіне оранып, тастақ жолмен байланыс бөлімшесіне бет алды.
Алдыңда қандай оқиғалар күтіп тұрғанын қайдан білесің? Несін айтасыз. Пошташы болу да оңай іс емес екен. Бәрі де сенің жолыңа көздері төрт болып қарап тұрғаны. Хат-хабар бола қалса, бір сәрі ғой... Ал жоқ болса, осының бәріне тіпті соғыс емес, тап бір сен кіналыдай жұрт түнере қарайды. (Рас, бірлі-жарым қара қағаз бола қалса, оны байланыс бөлімшесінің бастығы Сәлім шоллақтың өзі егесіне апарып береді. Әрине, Исақұл оны білмейді).
Бара-бара бұған да еті үйрене бастады. Мүмкін, бұған қыстақтың жас сұлуы Айсара да себепкер болған шығар. Күйеуі той дастарқаны жиналмай жатып майданға кеткен-ді. Ал, Айсара әдемі-ақ еді, денесі тал шыбықтай бұралып, қара көздері жайнап, екі беті албырап тұрған бір перизат. Бірақ, осы көркем тәкаппар келіншек те Исақұлдың қарасы көрінгенде, жүзі жалтыраған кетпенін жерге жайлап қойып, сабына сүйеніп, балаға телміріп қарап тұратын. Мұндайда оның албыраған жүзі шоқтай қызарып кетеді, бұл халін айналасындағы қыз-келіншектерден жасырмақ боп немқұрайлы түр көрсетеді. Ал, Исақұлға оңаша кездесе қалса:
- Хат бар ма? – деп, сыбырлай сұрайды. Оның дірілдеген бәсең даусы алабұртқан қобалжыған жүзі Исақұлға ерекше әсер ететін. Ол қатты қысылып, жиі-жиі жөткіріне беретін. Алда-жалда хат бола қалса, жерден көзін алмастан өзіне үмітпен телміре қараған келіншектің жүзіне назар салмастан хатты қолына ұстата салатын. Тек сосын ғана жеңіл дем алып, жөніне кететін. Кейде олар жүргіншісі сирек тас-тақ жол үстінде кездесіп қалатын, ондайда Айсара дабырлап Исақұлға тиіседі.
- Әй, салпаңқұлақ! Хат бар ма? Осы қазір дорбаңды сайға лақтырып жіберейін бе?
– Бұл әлбетте, әншейінгі әзілі ғой. Бірақ Исақұл ұялып, қалқан құлақтарының ұшына дейін қызарып кетеді. Оның «салпанқұлақ» дегенін жақтырмайды. Ал, Айсара болса мәз-мейрам болып күледі.
Сарғая күткен бой тұмардай үш бұрышты хатты алғанда, ол кейде Исақұлға жылы-жылы сөйлеп, еркелетіп қояды. Сосын оқуға кіріседі. Ондайда бар дүниені ұмытып, қиялы шарықтап сонау майдан даласына кететін, біресе сүйікті жарымен сырласып отырса, бірде оны қорғап қалмақ боп оққа кеудесін тосатын. Осылайша қиялдаған Айсара қолын созып жүгіре жөнелетін, жолай тас-тасқа сүрініп, ұзай беретін. Ал, Исақұл оның артынан қам көңілмен телміріп қарап тұрады.
Байланыс бөлімшесіне келген хаттарды Исақұл жұрттан бұрын қарап шығады. Ал, егер Айсараның атына келген хат болса, онда біреу байқап қалар дегендей, қолдары қалтырай қойын қалтасына тығып жібереді.
Кейде Исақұл Айсараның бір жігітпен қалжыңдасып тұрғанының үстінен шыға қалады, ондайда әлгілер отырған жаққа қарағысы келмей жүрегі шымырлайды. Жан-жағынан: «Асқар-әліден хат бар ма, балам?», «Менің ұлымнан қағаз келді ме?» — деп, қыз-келіншектер жапырлай хат сұрап, шу-шу етіп жатқанда, Айсара баланың осы жерде екенін білмегендей, жігітке наздана түседі. Исақұлдың ешкімге де қарасын көрсетпей, сонау алысқа безіп кеткісі келеді, жалбыз иісі бұрқыраған сайлардың ортасына барып, ағыл-тегіл жылап, мауқымды бассам ба дейді. Сосын шалқамнан түсіп жатып алып, көк мұнар аспанды тамашалап, саф таза ауаны құшырлана жұтып, қайғымнан айырылсам ба дейді.
Ешкім саған кедергі болмаса, солай ойға шомып жата берсең. Сені іздесе жұрт. Даланы кезіп, ақыр соңында анау төбемен бірге Айсара да іздесе! Сен оның иығына сусып түскен орамалын, қобалжыған жүзін, жас толы жанарын көріп жатсаң! Мейлі іздеңкіресін, қараңды көрсетпе. Қараңды көрсе болды, табанда өзгере қалады. Бір сәт көңілі қобалжып, сені іздегенге жаны шыға қоймас.
- Иә, Исам-ау?! Не істеп жатырсың бұл жың-ғылдың астында? – дейді ол. Сен үндемейсің. Ол болса ештеңе болмағандай бей-қам түрде былай деп сұрайды: - Біздің құнажынға көзің түспеді ме? Бошалап кетіпті, арам қатқыр! Іздемеген жерім қалмады...
Айсара дегенің осындай. Ауа райы сияқты. Әп-сәтте ашық аспанды сұр бұлттар торлап, айнала күңгірттеніп, қатты нөсер құйып кету мүмкін. Енді бір уақытта қарасаң, күн шайдай боп жадырап жүре береді. Е, е, несін айтасың?..
Исақұлдың бұл оқшау ойлары жалғыз өзіне ғана аян. Бастарына түрлі-түсті орамал тарт-қан әйелдер оны қаумалап, қоршап алады, олардың шулаған дауыстарынан басы айналып, араша түссейші дегендей Айсараға жалбарына қарап қояды. Ал, Айсара болса: «Е, е, сені ұмытып ренжітіп алған екенмін ғой, кішкентайым!» - дегендей сызыла жымиып, өзіне сұқтана қарап тұрған жігітке жақтырамай қарап, қос бұрымын арқасына тастай салып, паңдана басып Исақұлға қарай беттейді.
Келіншектің тәкаппар жүзі, паң көзқарасы Исақұлға ұнамайтын. Менсінбегендей қарайтыны жанын жеп, қызғанышын қоздырады. Ал Айсараға бәрібір сияқты. Шынында да, ол үшін Исақұл дегенің кім? Ана сүті аузынан кеппеген бала. Сайдың тасындай сақа жігіттер барда баланы қайтпек?
Исақұл іштей осылай ойлағанымен, Айсараны көргенде бар реніш-өкпесін ұмытып кетеді.
Әй, Айсара-ай! Кейде ол Исақұлға тым жеңілтек әйел сияқты көрінеді, бірақ лезде әлгі жаман ойдан қайтып, Айсарадан асқан асыл жан жоқ, ең әдемі, ең ақылды әйел сол деп өзін-өзі сендіре бастайды.
Тек Айсарамен қол ұстасып, сонау жаңғақ тоғайынан әрі асып, жапан даланы кезіп кетсе! Алдында небір машақат істер күтіп тұрса да мойымас еді, төзер еді!
Исақұл екеуінің қыстақтан кеткендерін талай рет көз алдына келтіріп көрген. Екеуі қол ұстасып кетіп бара жатады. Жайқалған егін даласы артта қалады. Бір топ тоқал тамнан тұратын қыстақ та көзден бұл-бұл ұшады.
Олар биік-биік шыңдарға көтерілді. Жел, ызғырық. Айсара шаршап-шалдығып, әлі кетіп құлайды. Сонда Исақұл әлеуетті жігіттердей, оны қолына көтеріп алады. Алдынан соққан қарлы боран ілгері аттаттырмайды. Исақұл тайсалмай алға ұмтылады!
Ақырында... Ол Айсараның тізесіне басын сүйеп ұйықтап қалады. Сонда келіншек жұп-жұмсақ алақандарымен оның бетін, шашын сипайды...
Исақұл осылайша қиялдап тұрғанда, қасына Айсараның келгенін байқамай қалыпты. Ол бұған нақ бір айыпты кісідей жымиып қарайды. Бейне бір: «Ренжіп қалдың ба? Өкпеледің бе? Кешір, кешіре қойшы, енді!» дейтіндей. Исақұлдың жүрегі аттай тулап, алқымына жас тығылды. Тіпті бірер тамшы жанардан ыршып та кетті, абырой болғанда, қастарында бөтен ешкім жоқ еді. Айсара оның мына толқынысының сырын түсінгендей жылы ұшырай жымияды. Исақұлдың бар реніш-өкпесі тарап кетті.
Артынша реңсіз, көңілсіз күндер қайта басталды. Хат келмеді. Исақұл Айсараның жалбарынған көздеріне қарай алмай қиналады. Ақыры, бір күні оған бір емес, екі бірдей хат бір-ақ келді! Бұл бір ұмытылмас, бақытты күн еді.
Иә, Исақұл ол күнді ешқашан ұмыта алмас. Шаршап-шалдығып бір жағы еңістеу тастақ жолмен келе жатқан. Кенет оң жағынан бір сыңғырлаған нәзік дауыс естілді.
— Ей, бала! Дорбаңда маған келген хат бар ма?
Бұл Айсараның дауысы еді. Исақұл жалтақтап жан-жағына қарады. Айсара жолдың оң жақ бетіндегі дөңде, сарғыш тартқан шөптің үстінде отыр, сықылықтап күлген болады, күлкісі жасанды әрі жағымсыз естіледі. Түскі ас кезінде үйге барса да, бір үзім нан жемей қайтып келгені байқалады. Осы жерде Исақұлдың жолын тосып отырған.
Исақұл оның бұлай сөйлегеніне қорланып қалды. «Неге күледі ол? Ішін ит тырнап қанша жасырғанмен белгілі емес пе?»
Келіншектің мына бей-жай түрі Исақұлдың көңіліне келді. Оның тымырая қалғанын көріп, Айсара ақталғандай:
- Неғып қабағыңнан қар жауа қалды? Өзің әзілді де түсінбейсің бе? – деді.
Бала одан сайын ренжіп, сырт айналды.
Ренжісіп қалған кісіге қарызын беріп жатқан адамдай, қойнындағы хатты алып, теріс қарап тұрып ұсынды.
Сол сәтте бетін бір отты жалын шарпып өтті. Кебірсіген қызыл қоңыр ыстық ерін бетіне тиіп, оны мас қылып, елтітіп жіберді. Исақұл сол сәтте барлық дүниені ұмытқан еді.
Шіркін-ай, сол кезде қандай бақытты еді десеңізші...
Арада тағы екі ай өтті. Егін орағы аяқталып қалған кез еді. Ауа райы бұлыңғыр, көкте бұлттар қалқып, жаңбыр жауар алдында ауа шаңытып, дымқыл тартады. Таудан құлаған жалғыз аяқ сүрлеу жолдың бойынан Исақұл көрінді. Ол Айсараға асығып келеді. Бірақ асығып-аптығып әкеле жатқан хатының қандай оқиғаға себепкер болатынын бала білмеген еді. Ол бұны қыз-келіншектер дорбасын жұлқылап, хат сұрап жатқанда да білмеген-ді.
Иә, Исақұл ештеңе білмеген екен! Ол басқаларға газет-хаттарды үлестіріп жатқанында, Айсараның сұмдық жан дауысы шықты. Бәрі де аңырып Айсараға қарады. Жүзі құп-қу болып кеткен Айсара мелшиіп тұр. Бетін жаңбыр жуып, самай шаштары ұйпалақтанып кеткен.
Беу, Айсара-ай! Сені бұл күйде көрем деп ойлады ма екен Исақұл! Біраздан соң ғана Исақұл Айсараның басына түскен қайғыны түсінді. Оның бойын үрей биледі. Денесі құрыстап, әлдебіреу жүрегін осып-осып өткендей болды. Айсара жынданған адамдай аласұрып, әлдекімдерді, Исақұлды да қарғап жатыр. Жаңбыр толассыз себелеп тұр. Исақұл ешнәрсені сезбеді, барлығы да дыбыссыз кинолардағы оқиғаларға ұқсады. Айсара оған ұмтылып келіп, жағасынан ұстай алып жұлқылай бастады. Басқалары құдды бір түс көріп тұрғандай мәңгіріп, сүзіле қарайды. Исақұл терлеп, қысыла бастады. Сол сәтте қатын-қалаштың бірі жан ұшырып кеп Айсараға жармасты.
Ақырында, Исақұл тәлтіректеп барып отыра қалды. Енді ғана ол жаңбыр тамшыларының бетін сабалап жатқанын, жағасын жұлқылаған желден денесі тітіркенгенін аңғарды. Қызыл шапаққа оранған көкжиекті бетке алып, қолын төбесіне қойып, ботадай боздап Айсара кетіп барады. Еңіреген әйелдің даусынан, қайғысынан Жер-Ананың да көкірегі қарс айрылып, аһ ұрғандай.
Ғаффар ХАТАМОВ, өзбек халқының жазушысы.
Аударған: Тәжібай ЖАНАЕВ.