Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Халел халқымен қайта табысты

Біртуар тұлға Халелдің есімін сол сексенінші жылдардың аяғындағы кешегі бір амалсыз колбиндік жылымық орнаған кезеңде баршаға қайтадан алғашқы болып мәшһүр еткен студенттердің «Өркен» атты газеті болды. Газет өзінің 1989 жылғы қыркүйектің 23-індегі санының екі бетінде М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Шәмшеден Кәрімовтың «Профессор Халел Досмұхамедов» деген мақаласын басты. Оған жалғас «Арай» журналы (1990 жылғы наурыз) қалам тербеді. Республикалық «Ана тілі» газеті өзінің 1990 жылғы №15, 16 нөмірлерінде қатарынан «Халел Досмұхамедұлы» (авторы Аманқос Мектепов) деген көлемді мақаланы жариялады.

«Қазақ әдебиеті» газетінде жазушы Мереке Құлкеновтің «Есіл ер» атты очеркі (1990 жылғы тамыздың 24-і) жарық көрді. Бұдан өзге «Жалын», «Парасат», «Денсаулық» және т.б. газет-журналдарда Халел жайлы деректер, суреттер аз болған жоқ. Сөйтіп, қазақ елінің қамы үшін шыбын жанын зұлмат заманның табасында аяусыз шыжғырып, құрбан болған біртуар тұлғаны халқына қайта табыстыру басталды. Әйтсе де, бұл қадам алғашқыда оның тұрғыластары Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтарға жасалып жатқан құрметтер өресінен қарағанда әлдеқайда кем, бейнелеп айтсақ, тасбақаның жүрісіне ғана тең еді.

Өткен ғасырдың соңғы жылқы жылындағы күздің қысқа ұласар тұсында жазушы Мереке Құлкенов екеуміз Қызылқоға ауданында болып, Халелге байланысты ел арасындағы әңгімелерге құлақ түрдік. Осы сапарда оның жиені Қабдол Нұрмашев пен туысы Тұрғанғали Мырзағалиевтің, ферма маманы Жалғас Тапаевтың көмегімен Тайсойған құмының ішіндегі «Халел ставкасы» (штаб мағынасында – Т.Ж.) деген жерді, Досмұхамед әулетінің жазғы, қысқы қоныстарын іздеп тауып араладық. Сорқуыстағы Халелдің ата-бабасы мен атақты ақын Ығылман Шөрекұлының мүрделері жатқан қауымға барып, бата еттік. Бір қызығы, баяғыдан «Халел ставкасы» деп жүрген мекен жай Мұқыр селосында тұратын зейнеткер дәрігер, бала күнінде Халелден ем алған адам Мұқамбетжан Зұлқановтың айтуына қарағанда, мектеп және обаға қарсы күрес комиссиясының орталығы болыпты. Х.Досмұхамедұлы қамқор қанатының астына алған осы мектепте Мұқамбетжан ағамыздың өзі оқып, бастауыш білім алған, мұғалімі Көрген Бақтығалиев болғанын, мектепте кімдер оқығанына дейін сайрап айтып отыр. Осы тұста ақын Ығылман Шөрекұлы:

Осы жолғы мұғалім

Бақтығалиұлы Көрген-ді.

Осы мұғалім келді де Мектебіміз гүлденді,– деп басталатын толғау шығарған. Көрген Бақтығалиұлының кім болғанын, қандай қызметтер атқарғанын сұрап хат жазғанымда оған Индер ауданының Жарсуат ауылында тұратын ол кісінің үлкен баласы, ұзақ жылдар бойы сол жердегі Жамбыл атындағы кеңшардың директоры, Жарсуат ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істеген, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, бірнеше орденнің иегері Мұхамбет Бақтығалиев былай деп жауап қайтарды: «Әкем 1930-1931 оқу жылында Кермақас жатақ мектебінде меңгеруші болған. Оған дейін Халел ашқан мектепте мұғалімдік қызмет атқарған. Онда мен білетіндерден Өміршин Құлшарап оқыпты. 1926 жылы Орынбордағы «Краевая партийно-советская школа» дегенде білімін жетілдірген. 1935 жылы Базартөбе, 1938 жылы Жаңашаруа орталау мектебіне директор болып тағайындалған. Сондай-ақ, Теңдік мектебін басқарған. Қаракөл орта, Орлыкөл орталау мектептерінде сабақ берді. «Путь к коммунизму» ұжымшарында партия ұйымының жетекшісі болды. 47 жасында өмірден озды. Әкемнің артында қалған іс-қағаздары жоғалып кетті. 1935 жылы Тайпақ ауданында қызмет істеп жүргенінде мұғалімдер мәслихатында мақталды, газет бетіне аты шықты».

Бұл жауап хаттың жазылып, маған жолданған мезгілі – 1992 жылғы шілденің 10-ы. Оның бергі жағында да Мұхамбет Көргенұлымен бірнеше мәрте кездесіп, әңгімелестім. Қазір 88 жаста.

Біле-білгенге қисыны мен қисығы да, асылы мен жасығы да қатар өрбіген қилы бір дәуірде Халел Досмұхамедұлы сынды ел ардағын көзімен көрген, сөзін тыңдаған кісілердің көбі зиялы азамат, дара да дана тұлға жайлы ақтарар сырларын іштеріне бүгіп, кете барды. Солақай саясаттың сынынан аман өтіп, өткен ғасырдың соңғы кезеңіне дейін жеткендері бірен-саран ғана болды. Заман ағымына ілесіп, бұйдалап жетектегеніне көндіккен кейінгі ұрпақ – біздің бұған дейінгі жоғалтқанымыз өз алдына, енді барға шүкіршілік етіп ортамызда жүргендердің көкейлерінде жаттағандарын қағыс жібермей қағазға түсіруді өзіміздің парызымыз санадық. Күмән жоқ, солай болды да.

Сол мақсатпен жиырмасыншы ғасырдың аяғында көнеден қалған көз Шоқан Мырзағалиұлы Қаржауов ақсақалға екі-үш дүркін жолығып, тілдесудің сәті түсті. Ол да Қызылқоға өңірінде, Тайсойғанда туып-өскен, оқығаны, тоқығаны мол білікті азаматтардың бірі. Орал мемлекеттік педагогика институтында проректор, Атырау педучилищесінде директор болып қызмет атқарған, үлкен қоғамдық-саяси істерге белсене араласқан абырой иесі. Оған «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жастар тәлімгері» құрметті атағы берілген. Халелді Атырау аймағында бірден-бір жақсы білген кісі. Екеуі бір ауылдың түлектері, Тайсойғанның төл перзенттері. Атырау қаласының құрметті азаматы Қаржауов Шоқан ақсақал ұстаз-ғалымның алдынан дәріс алған, қамқор алақанының жылуын сезінген. Демек, ол Халел Досмұхамедұлы жайлы, өскен ортасы жайлы, туған жері Тайсойған жайлы әріден бермен қарай суыртпақтайтын естеліктер айтып, ой бөлісуге әбден құқылы. Сол себепті де, Шоқан Мырзағалиұлымен әңгіменің Тайсойғанға қатысты, ол өңірдегі жүргізген қызметтеріне байланысты жерлерін, сондай-ақ ғұмырнамасына орай айтылған тың пікірлерін қағазға түсіріп алдық. Сәті түсіп сұхбатымыз облыстық «Атырау» газетінде және «Алты Алаштың мақтанышы» атты кітапта жарық көрді. Маңғыстаулық атақты ғалым Өмірзақ Озғанбай сол сұхбаттың біраз бөлігін өзінің «Жарығы өшпейтін жұлдыз» атты кітабында дәйексөз ретінде пайдаланды.

Асықпай тере берсең, ел арасында ақиық азамат жайлы шертілер мұндай сырлар бірен-саран ғана емес екендігі айқындалды. Қайда барсаң да, Х.Досмұхамедұлын сөз ете бастасаң болды, оның есімінің өз мәнінде ардақталмай, дәріптелмей келе жатқанын алдыңа көлденең тартушылар аз болмады. Шындығында да, бүкіл қазақ өлкесі үшін, туған жері үшін қиын-қыстау кезеңдерде қауіп-қатерге басын тігіп, дәл осындай адалдықпен еңбек еткен адамдар халқымызда саусақпен санарлықтай ғана. Олар қалай ардақтауға да лайық. Осыны дөп басып ұғынды ма, өткен тоқсаныншы жылдардың басында келген қой жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамы Халел Досмұхамедұлы атындағы сыйлық тағайындап, үлкен ізгілікті іс бастады. Сыйлықтың алғашқы иегерлері Атырау педагогика институтының (қазіргі Х.Досмұхамедұлы атындағы университет) қазақ тілі кафедрасының сол кездегі меңгерушісі, профессор Құсекен Шәукенов пен Қызылқоа аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Төлеп Тілегенов болды. Өкініштісі сол, сыйлық осыдан ешкімге берілмей, көзден бұлбұл ұшты. Оған жалғас Қызылқоға ауданының Ойыл ауылдық округіндегі еңбек ұжымдары өкілдерінің жиналысында «Қызыл ту» кеңшарына Халел Досмұхамедұлы есімін беруге бірауыздан шешім қабылданды. Бірауыздан деймін-ау, солай деуім орынды болар ма екен? Шындығында қалыс қалған бір адам бар. Оның да алға тартар өзіндік дәлелі бар.

Халық депутаттары Атырау облыстық кеңесі атқару комитеті 1991 жылғы шілденің 1-інде «Қызылқоға ауданының «Қызыл ту» совхозын Халел Досмұхамедов атындағы совхоз деп қайта атау туралы» № 185-інші шешімін қабылдады. Кейін бұл шешім мақұлданды. Бара-бара кеңшар асыл тұқымды қаракөл қой зауытына айналдырылып, сұр түсті каракөл елтірісін дайындайтын ірі орталық болып қалыптасты. Не пайда, жекешелендіру дәуірі басталғаннан кейін академик Хисмет Үкібаев бастаған ат төбеліндей ғалымдардан басқа басшыға да, қосшыға да мал тұқымын асылдандыру артық шаруа сияқты болып көрініп, әркім өз шаруасын күйттеп кетті де біршама жыл өтпей жатып зауыттың шаруасы қожырап, өмір сүруін тоқтатты да, ізіндегі қалған-құтқан малымен әуелі акционерлік қоғам, артынан «Жасқайрат» ЖШС-і болып шыға келді. Сөйтіп, Халел Досмұхамедұлының өз туған жеріндегі атағы ақыр соңында далада қалды. Қазір ондағы ауыл да «Жасқайрат» атында. Нендей мәні бар атау? Қайдағы «Жасқайрат»? Кеңестік кезеңнің бастапқы тұсында «Жасқайрат» артелі, ұжымшары (колхоз) деген екі бірдей атау сол аумақта болғаны рас. Бірақ, ол осы ауыл ізінде емес, басқа жерде. Демек, бұл ауылға Халел Досмұхамедұлының атын беру өзінен-өзі сұранып тұр емес пе?!

Қой жылы тағы екі тарту жасалды. Олар Астанада «Ана тілі» баспасынан ғалым-әдебиетшінің он бес баспа табақтан тұратын «Аламан» атты жинағының, «Өлке» баспа орталығынан кезінде Халел құрастырып, алғысөз жазып, түсінік берген «Исатай-Махамбет» кітабының жарық көруі еді.

1993 жылғы шілденің 30-ында Қазақстан Республикасы Министрлер кеңесі Халел Досмұхамедұлының есімін мәңгі есте қалдыру туралы № 661 қаулысын қабылдады. Онда былай деп нақты көрсетілген:

1.Алматыдағы Төле би көшесіндегі № 29 үй мен Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университет ғимараттарына ескерткіш-белгі орнату;

2.Атырау облысы Қызылқоға ауданында Х.Досмұхамедовтың 110-жылдық мерейтойын кеңінен атап өту;

а)Атырау қаласындағы бір көшеге және Миялы ауылындағы мектеп пен көшеге оның есімін беру;

ә)Алматының негізгі көшелерінің бірін Х. Досмұхамедовтың есімен атау;

3.Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігіне профессор Х.Досмұхамедұлының 2 томдық таңдамалы шығармалар жинағын жарыққа шығаруды табыстау;

4.Осы жылдың соңғы тоқсанында Ұлттық Ғылым академиясында профессор Х. Досмұхамедұлына арналған ғылыми-теориялық мәслихат өткізу шаралары қолға алынсын.

Сол жылғы желтоқсанның 2-сінде жарық көрген «Ана тілі» газетіндегі «Халел шыңдары оны танып білген сайын асқақтай түсуде» деген хабар тектес материалда хабарланғанындай, Мәслихаттан соң «Арыс» қоры мен Х.Досмұхамедұлының туған-туыстары үлкен ас берген. Газетте «Осылайша алғашқы дәрігер, «Алаш» партиясының бір көшбасшысы, энциклопедист-ғалым Х.Досмұхамедұлының көмулі қазыналары ашылып, халқына сіңірген ерен еңбегі жарты ғасырдан соң тұңғыш рет еленді. Халелтанудың тұсауы кесіліп, болашақ зерттеулерге негіз қаланды. Мәслихатқа қатысушылар Атырау педагогика институты мен Ақтөбе медицина институтына және Алматыдағы Талғар көшесіне оның есімін беруді бірауыздан мақұлдап, жоғары ресми орындардан сұрауды жөн деп тапты...» деген жолдар бар. Бұл баршадан сүйінші сұраған жақсылық хабар тәрізді. Үкімет қаулысында белгіленгендердің бәрі дерлік орындалды. Одан кейін Алматыдағы «Ана тілі» баспасынан отыз бір баспа табақтай көлеммен таңдамалысы шықты. Тек екі том емес, бірақ том. Оған да шүкір дестік. Атырау педагогика институты (қазір мемлекеттік университет) Халел Досмұхамедұлы есімімен аталды. Университеттің бас ғимаратының алдына еңселі ескерткіш орнатылды. Миялы кентіндегі Н.К.Крупская атындағы орта мектепке, Жасқайраттағы, су тасқыны бүліншілігінен кейін пайда болған жаңа Миялыдағы, Атырау қаласындағы көшелерге Халел Досмұхамедұлының есімі берілді. Сайып келгенде, осының бәрі жақсылыққа бетбұрыстың нышаны, ұлы тұлғаның халқымен қайта табысқанының көрінісі.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ

халелтанушы, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT