Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Халел Досмұхамедұлының үш томдығы оқырмандармен қауышты

Бұрын қазақ елінің бірегей ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Халел Досмұхамедұлының «Исатай-Махамбет», «Аламан» атты жинақтары мен бір томдық Таңдамалы ғылыми еңбектері жарыққа шыққанын біліп, көріп, сусындап, аса қатты риза болғанбыз.

Басқа да бірқатар еңбектерінің бар екендігін, олардың атауларын ара-тұра жазылып, баспасөз беттерінде жарияланып жататын ғылыми, танымдық мақалалардан оқып, сол қазынаны қолға ұстап, көзайым болатын күнді асыға күтетінбіз. Енді, міне, сәтін салып оған да мүмкіндік туды. Бүкіл ұлы даламыздағыдай Жайық өзенінің төменгі сағасындағы қазақ жұртының да Халел Досмұхамедұлы есіміне деген ықылас-ниеттері, ынта-зейіндері тым ерекше. Дара да дана тұлғасын құлай сүйгенінің көрінісіндей жоғары оқу орнына есімін беріп, алдына еңселі ескерткішін қойған. Осы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өз атын иеленген әмбебап ғалымға, Алаш қозғалысының санаулы көсемдерінің біріне арналған, оны ардақ тұтып ұлықтайтын шаралар жиі өткізіліп тұрады. Солардың бірі тауық жылының соңғы ширегінің аяқталуға қалған, ит жылының төбе көрсеткен шағында университеттің мәжіліс залында өткен «Алаш және Алашорда қозғалысы, оның тағылымы мен сабақтастығы» деген тақырыпта өткен республикалық ғылыми-теориялық конференцияда репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес өзінің ғылыми баян етуінде Алаш және Алашорда қозғалысына қатысты істелінген қыруар жұмыстардың қатарында Халел Досмұхамедұлының шығармашылығының үш томдық толық жинағының жарыққа шығарылғандығын атап көрсетіп, бәрімізді тағы бір қуантып тастады. Оны көріп, көзайым болғанша асықтық.

Міне, тағатсыздана күткен сол кітаптар да келіп жетіп, қолымызға тиді. «Жан саулығы», «Тән саулығы», «Жануарлар» деген атауларға ие үш томдық Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінің мақұлдауымен Алматыдағы «Арыс» баспасынан жарық көрген. Халел Досмұхамедұлы еңбектерінің бірінші томының бастауындағы оның «Қазақ батырлары Исатай, Махамбет», «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» атты ғылыми-танымдық еңбектері ұлтымыздың тарихында Исатай мен Махамбетті, олар бастаған ұлт-азаттық көтерілісті баспа жүзі арқылы айдай әлемге таныстырып, жария еткен ең алғашқы және бірден-бір еңбек. Оған күмән жоқ. Егер халық даналығында айтылғандай «Темірді қызуында соқ» дегеніндей дер кезінде хаттап, бас бұрғызбастай дәлел, деректермен ғылыми тұжырым жасап тастамаса кейін, әсіресе, кеңестік саясат кезінде бұл ұлт-азаттық көтерілістің өңі теріс айналдырылып, бір болмашы оқиғаға телініп, болмаса қазақ халқына қара күйе жағылып, бұрмаланбасына кепілдік жоқ еді. Бұл тұрғыда ғалым үлкен іс тындырды. Халел Досмұхамедұлы үш томдығының бастапқы «Тарих» атты бөлімінде осы ғылыми-танымдық еңбектің тұруы қандай үйлесімді?! Үшінші томға кірген ғылыми-танымдық еңбектердің бәрі де мәңгілік мұралар. Самарқан шаһарындағы «Тіллә-қари» және «Ширдар» медреселерін салдырушы Жалаңтөс батырдың шежіресі мен Бұқарадағы Көгілташ медресесінің салынуы туралы әпсана (кітапқа орысша нұсқалары енгізілген) қазақ халқының мерейін аспандататын туындылар. Неге дейсіз ғой? Өйткені қазіргі Өзбекстан мемлекетіне қарасты екі қаладағы сәулетті, бірегей ғимараттарды қолдарымен тұрғызған басқа емес, қазақтар Жалаңтөс батыр мен Көге екендіктерін дәлелдеп ғылыми тұжырым жасап, нақтылап, қағаз бетіне түсіріп кеткен де осы Халел ағамыз. Егер Халел Досмұхамедов сынды қазақ ғалымы осылайша айқын байлам айтып кетпесе, келе-келе оларды тұрғызған қазақтың айтулы тұлғалары екендіктері мәңгі ұмытылуы ғажап емес еді-ау. Тіпті өзбек ағайындар өздеріне меншіктеніп, «салдырған біздің өзбектің пәленшелері» десе де қарсы айтар уәжіміз, алға ұстар дәйектемеміз табылмай, басымызға ондай күн туа қалса жер шұқып, оқсап қалмасақ не қылсын?! Ал Халел атамыз болса сондай дау-дамайды тудырмас үшін жан-жақты зерттеп, куә етер, растаушы құжат боларлық байламды деректерді дәйектеп, жазбаша түрде қолымызға ұстатып кетті. Ол, әрине, талас-тартысқа жеткізбейтін хатталған шежіре мен әпсана. Міне, ұлтжандылықтың көкесі деп осыны айтсақ қисынды емес пе?! Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов «Бұл қазақ тілінің Конституциясы яки Негізгі Заңы туралы зерттеу» деп аса жоғары баға берген «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы», сондай-ақ, «Казакская народная литература», «Аламан», «Оқушының саулығын сақтау», «Шума қандай ауру» және басқа да қыруар ғылыми еңбектерін оқып отырып осылардың барлығын бірдей зерттеп, жазуға Халел Досмұхамедұлы сан түрлі мемлекеттік және қоғамдық қызметтерді қоса атқара жүріп уақытты қалай тапқанына, ерік-жігерінің соншама мықтылығына қайран қаламыз. Осынысының өзімен-ақ ол бүгінгі және келер ұрпаққа өшпес өнеге тастап кетіп отыр емес пе?!

Бұл томға басқа да еңбектерімен қатар Халел Досмұхамедұлының беріде жарық көрген «Таңдамалысына» ғана үзіп-жарып енгізілген профессор Ю.Вагнерден аударған өсімдіктердің тіршілігі мен түзелуін, сондай-ақ, денеміздің түзелуі мен жұмыс қылуын әңгімелейтін қос кітапшасының толық кіргізілуі де баршамыздың таным дүниемізді байыта түсуге жасалған игілікті іс деп бағалаған дұрыс. Келесі том адамның тән тірлігі мен табиғат тануды зерделеуге арналған іргелі зерттеу еңбектердің бастарын құрайды. Дүниетанымымызды, ой-өрісімізді кеңейтуге бағышталған құнды құрал. Жиырмасыншы ғасырдың қазақ ғылымы түбегейлі жетілмеген жиырмасыншы жылдарының басқы тұсының өзінде адамның тән жүйесі мен тән тірлігін тануды ғылыми тұрғыдан талдауға тәуекел етіп, қалам сілтеуі Халел Досмұхамедұлының нағыз ерлігі демей не дейміз. Адамның денесіндегі он екі түрлі элементті таныстырудан бастап, кісінің жалпы бітімін жіліктеп тұрып талдайды. Ұлпасы, түйіршігі, еті, қаны бар, сүйектері, көмейі, өкпесі, бауыры, бүйрегі бар, аузы, тісі, ішек, қарыны бар, жатыны, миы, көзі, құлағы, жүйкесі бар, толып жатқан өзге де мүшелері мен жүйелері бар... бәрін-бәрін қалдырмай, құрылымдарын, атқаратын қызметтерін егжей-тегжейіне дейін ажырата қазақи жатық тілмен түсіндіреді. Мәселен, бәріміз бірдей біле бермейтін түкірік безді былайша сипаттайды: «Ауыздың қуысына түкірік без деген үш қос бездің шіріні (үш томдықтағы терминдер, атаулар, мемлекеттер мен құрылықтар аттары кітаптардағы бұрынғы нұсқа күйінде өзгеріссіз қалдырылды. Т.Ж.) құйылып тұрады. Шықшыт без құлақтың алдында төменгі жақтың буынын қоршап, шықшыттың артындағы қуыста жатады. Едәуір үлкен без. Шығаратын шірінін секер дейді. Секердің ішінде уыз бар. Бездің шіріні безден шығып, ұзын өзекпен барып ауызға құйылады. Өзектің тесігі (аузы) жоғары, екінші кіші ауыздың тұсында жатады, қос без». Осылайша бастап, бұдан әрі алқым безді, иек безді, тіл астындағы безді талдай келіп «Безге қан тамыр келіп торланған кәпійлер болады. Безге неріп те келіп тұрады. Түкірік бездің үшеуі де ұялы без» деп қорытындылайды. Әр тақырып, әр тақырыпша көбіне суреттермен, олардың астындағы анықтамалармен қоса беріледі. Бұлай ету көзбен көргендей әсер қалдырады. Астың ауызда қалай өзгеретінін де білмейтініміз шындық. «Ауызға түскен ас тіспен тиірмендегідей тартылып уатылып, түкірікпен суланып, мылжа болады. Тіл сүйреңдеп асты аударып-төңкеріп, тістің арасына салып тұрады. Әбден мылжаланып, суланып болған соң астың бір жұтымы тілдің үстімен кейін қарай жылжып, зырғанап жұтқыншаққа түседі. Ауыздағы асты кейін айдап тұрушы – тіл. Ас ауызда тұрғанда езіліп суланады да, жарытып уатылмайды. Асты уыттауға түкірік үлгере алмай қалады. Сүртіп-сүртіп құрғатып, бір кесек құрғақ нанды жұтып қараңызшы, жұта алмайсыз! Түкіріктің неге арналғанын бұ тәжірибе анық көрсетіп тұр» деп астың ауызда өзгеру үдерісін Халел ағамыз қарапайым тілмен қолмен қойғандай етіп түсіндіріп тұр емес пе?!

Әрине, әрбір тақырыпшаның астындағы мәтіннің көтеретін жүгін әңгімелей беру міндет емес. Негізгі мақсат – ұлан-ғайыр еңбекке сүйсіне отырып, оны барша оқырманға таныстыру, Халел ұлылығы мен ұлағатын халыққа жеткізу. Солардың тағы бірі, сөз жоқ, осы томдағы «Табиғат тану» атты екінші бөлім. «Адамның сүйегіне біткен бір мінезі – айналасындағы болып жатқан оқиғаларға түсінуге әуестігі, айналасындағы өзгерістердің мәнісін тексеріп, тергеп білуге әуестігі» деп Халел Досмұхамедұлының өзі атап көрсеткеніндей бұйымдардың жалпы қасиеттерін ұғындырудан бастап, ауаның, судың, жердің, кеннің әрбіреуінің түр-түрін, олардың өздеріне тән қасиеттері мен ерекшеліктерін, қоршаған ортаға, адамзатқа пайдасы мен залалын алдымызға жайып салады. Жер жүзінің өзгерілуін баян ететін тақырыптағы өзіміз күнде көріп, біліп жүрген жер беті, желдердің, аққан судың, жан-жануардың, өсімдіктердің әрекеттерінде миымызға кіріп-шықпаған нәрселер жетеді екен ғой. Біз сай-саланы, өзен аңғарын, қыр мен ойды және тағы басқаларды тек сырттай бақылап, мәз болып жүреді екенбіз. «Орта Азиядағы сары топырақ желдің әрекетінен пайда болған. Қытайдағы Сары өзеннің бойындағы сары топырақтың қалыңдығы алты жүз метр шамалы. Осы топырақты алты жүз шақырым жырақтағы Шамо шөлінен жел әкеліп тастаған» деп зердемізге қондырады және 100-суретті қарауды ұсынады. Сөйтіп Халел Досмұхамедұлы болса бәрін әлемдік деңгейдегі осындай мысалдармен, суреттермен, сызбалармен қосақтай отырып жадымызға құяды. Шөкпе тау жыныстарының, жердің жүрісі мен ортасының (кіндігінің), құрғақтардың, теңіздердің жаралуының... бәрінің де ішке бүгіп жатқан құпиялары қаншама?! Кітап төлиесі бәрін ашып, ұғындыруды өзіне мақсат еткен. Уулқан (вулкан), жер сілкіну, жердің ауытқуы кім-кімнің де білгісі келетін құбылыстар. Оқып алғаннан соң «иә осылай екен ғой» деп тамсана риза болысасың. Бұл томда ғалым Қазақстанның Білім кеңесі қабылдаған 467 қазақша-орысша ғылыми терминді ұсынады. Мұны да бір міндеті санауы оның ұлағаттылық ауқымын кеңейте түседі.

Таңдамалы жинаққа енген үшінші томды тұтас қамтитын «Жануарлар» атты оқулық та бірегей еңбек. ХХ ғасырдың басында үш кітап болып жарық көрген бұл оқулық сол кезде баспадан үш рет шығыпты. Осыдан-ақ оның қаншалықты қажетті, өтімді оқу құралы болғандығын әбден байқауға болады. Мұнда адамнан басқа түрлі мақұлықтардың, тірі хайуанаттардың бәрі қам-тылған. Алғашқы бөлім сүйектілер туралы болса, екінші бөлім жай-жапшалар, бір қуыстылар, бұлттар, тікенділер, құрттар, былқылдақ тәнділер турасында тәптіштейді, ал үшінші бөлім құрт-құмырсқалар, су шаяндар, өрмекшілер, қырықаяқтар тәрізді мақұлықтарды таныстыруға арналған. Сонымен қатар, жануарлардың арасындағы өзгешеліктерді дәйектеп, саралауға да әдейі мән берілген. Қай-қайсы да тек оқушылар мен студенттердің ғана емес, бүкіл адам атаулының ұғымдарын қалыптастыруға, дүниетанымдарын кеңейтуге керекті мағлұматтар. Мысалы, біз алпатыростың ұзындығының бір метрдей болатындығын, бес-алты күн бойы дем алмай қандай дауылдарда да ұшып жүре алатындығын, дауылшылардың дарияларда жүріп, елсіз аралдарға жұмыртқа сала беретінін біле бермейді екенбіз. Біздің ұғымымызға ақын Сәкен Сейфуллиннің «Альбатрос» дастанындағы кейіптеу қонақтап қалған да, әріге бара бермейтініміз бар. Қос қарынды апасуымның қайда мекендейтінін өз басым біле бермейді екенмін. Олар Әмерікеде жүруші қалталылардың ішіндегі ең көбі көрінеді. Үлкендігі, сыртқы түрі атжалманға ұқсас. Кейбір қос қарындылардың қалталары тым кішкене болған соң, балалары өсіңкіреген соң анасының арқасына мініп, құйрықтарымен анасының құйрығына ілініп жүреді делінеді. «Ғажап-ай» деп таң қалмасқа амал қалмайды. Тамыр-аяқтардың, теңіз жұлдыздарының, жауынқұрттардың, сүліктердің, көлбақалардың және басқаларының тірліктері де қызықтырмай қоймайды. Бір қолбақаның жылына жиырма мыңдай жұмыртқа салатынын, олардың балықтардың терісіне жабысып өсетінін осы саламен айналысатын маман болмаса басқа кім білген?! Жаз болса құлағымыздың түбінде ызыңдап, инеше қадалып шағып мазамызды алатын масаның ұрғашысы адамның, малдың қанын сорып күн көретінін, керісінше, еркегі жұмсақ шөптің шірінін сорып тамақ асырайтынын, үндемес деген де маса барлығын осы кітаптан оқып, білуімізге тура келді. Бір ғажабы, бұл томға да жәндіктер мен жануарларға қатысты қазақша-орысша терминнің 130-ы енгізілген. Өткен ғасырдың бас жағында ділгірлікті өтеуге өте қажет болған оқулықтың мән-мазмұны, маңыздылығы бүгін де өз өміршеңдігін кеміткен жоқ.

Үш томдықты Халел Досмұхамедұлының шығармашылығының толық жинағы дегенімізбен құрастырушы профессор Ғарифолла Қабдолқайырұлының үшінші томға жазған кіріспесінде «Қолымыздағы оның жалғыз дана «Жануарлар» атты альбом-кітапшасы беттері жұлымданып, толық болмағаннан кейін бұл жинаққа енгізілмеді. Алдағы күндерде Халекең шығарған «Сана» журналының сандарымен бірге оны да қалың оқырман қолына тигізерміз деген үмітіміз бар» деуіне қарағанда үш томдықтан сыртқары қалған еңбектері де жоқ емес тәрізді. Сонымен қатар, бұрынғы 1998 жылы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген Таңдамалыдағы «Как бороться с чумой среди киргизского населения» деген еңбек те бұл жолы үш томдықтан тысқары қалған. Демек, Халел Досмұхамедұлы еңбектерінің қайталап шығарылмаған, қазіргі оқырман қауымның қолына түспеген қоры таусыла қойған жоқ.

Құрастырған және жауапты редакторы Ғарифолла Әнестің «Алаштың жан саулығы мен тән саулығының шипагері» атты кіріспе мақаласында «Ойлы оқымысты, энциклопедист-ғалым Халел атамыздың Тәшкен мен Алматыда өткен бар-жоғы жеті-сегіз жылдық ағартушылық кезеңіндегі өнікті істері, бүгінгі түсінікпен айтқанда, бір ғылыми-зерттеу институты емес, сан салалы ғылымды тұтастырған Академияның атқарған жұмысы еді десек қателеспейміз», сондай-ақ, «...Осы тұста ғұлама ғалым шыққан шыңын, оның тарихи ой-санамызға қосқан үлесін Шоқан сынды алып тұлғамен салыстыруға, сабақтастыруға әбден болады» деп атап көрсеткеніндей ғұлама ғалым Халел Досмұхамедұлы еңбектерінің үш томдығы ұлтымыздың рухани әлемі мен білім, мәдениет салаларына қосылған көл-көсір қазына.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

халелтанушы, Қазақстанның құрметті журналисі,

ҚР Ақпарат саласының үздігі,

Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521