Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Шабытының бұлағы сағынышынан тұрады

Аудандық «Қызылқоға», облыстық «Атырау», республикалық «Алтын орда» газеттерінде жарқын ізі бар журналистердің бірі – Нұрлан Достанұлы Қабылов десек, еш қателеспейміз. Ол алғашқы еңбек жолын аудандық «Қызылқоға» (бұрынғы «Коммунизм туы») газетінде тілші болып бастайды.

Міне, осылайша 40 жылдан астам уақыт бойы, оның 17 жылында аудандық, облыстық, республикалық газеттердің бас редакторы, ал 21 жылында бас редактордың орынбасары болып жемісті қызмет атқарды.

Сөйтіп, оның журналистік қызметінің бәрі дерлік газет жұмысын ұйымдастыруға арналып, мол тәжірибе жинақтады. Бұл туралы ол: «Халықтың ойындағысын жариялап, халықтың тілімен жазылған газет қана зор сұранысқа ие болады», – дейді. Кезінде аудандық газеттің таралымының 4500 данаға, ал «Атырау» газетінің таралымының 27 мың данаға жетуі соның айқын дәлелі болса керек. Мен Нұрланмен1984 жылдан бастап аудандық «Қызылқоға» газетінде он шақты жыл бірге жұмыс жасадым. Ол басшымын деп өзін қызметкерлерден ешуақытта жоғары санаған емес, әркез адамдармен емен-жарқын амандасып, араласып, біте қайнасып бірге жүретін. Жақсы жазалған, құнды материалдарды көтермелеп, мадақтап қоюды да ұмытпайтын. Бір ерекшелігі, факт деректерді жинақтап алатын да, материалды бірден машинкаға (ол кезде компьютер жоқ) диктовка жасайтын. Бұл жағынан ол бізге үлгі-өнеге көрсетті.

Редактор кезінде Н.Қабылов тақырып қоюдың нағыз майталман шебері болды. Мысалы, «Ащы тер төкпей, тұщы тірлік болмайды», «Тетігін тапқан, кетігін табады», «Адам жерді баптайды, жер еңбекті ақтайды», «Айнала таза болмай, көңілде маза болмайды», «Топтаса білген тоқ болады, бытырап жүрген жоқ болады», «Кәсіподақты халық асырап отыр, ал кәсіподақ халықты қорғап отыр ма?» атты тақырыптар оқырманды бірден баурап, оқуға еріксіз қызықтыратын. Сондай-ақ, әр саладағы кемшіліктер де газетте батыл жазылды. Міне, осындай факторлар сол кездерде газет таралымының өсуіне әрі оның қызмет баспалдақтарымен жоғарылауына әсер еткені анық.

Журналист Н.Қабыловтың әр жылдарда «Алақанда жанған алау», «Күш атасын танымас» атты очерк-эссе кітаптары жарыққа шығып, оқырмандардан лайықты бағасын алды. Енді, міне, біздің алдымызда «Көкжиекке қараймын қырға барып» атты үшінші жыр жинағы жатыр. Жинақ «Жырларым менің – сырласым», «Арнаулар», «Аталар сөзі – ақылдың көзі» атты үш бөлімнен тұрады. Нұрлан әдеттегіше кішіпейілділік танытып, «Мен өзімді ақын деп есептемеймін. Дегенмен оңаша қалған сәттерде өлең жазатын әдет бала кезден бері дарыған қасиет», – деп оқырмандарымен бүкпесіз ашық сырласады. Алайда, ақындық қабілет күн сайын өлең жазумен өлшенбейді ғой. Қазақ поэзиясының классигі дәрежесіне көтерілген атақты шайыр Қ.Шаңғытбаев қолға қаламды өлеңді іздеп емес, өлең өзі іздеп келгенде, яғни, бойды шабыт қасқанда ғана жазу керек деген пікір айтқан ғой. Сөйтіп, өзі соны аз жазса да, саз жазып дәлелдеп кеткен.

Ақындық дегеніміз – өмірді ақын көзімен көре біліп,соны ақындықпен өрнектей білу десек, бұл жағдай Нұрланда жетіп артылады. «Көкжиекке қараймын қырға барып» деген жинақтың атының өзі поэтикалық жолдар болғандықтан жүрекке сондай жылы әсер етеді. «Көкжиекке қарау» – армандау, сағыныш, шабыт шақыру болса, «қырға бару» – туған жерді аңсау, қадірлеу емес пе? «Мүмкін емес» атты төрт шумақ өлеңінде:

Қара жауын астында қалған жандар,

Ешуақытта аспаннан нұр тілемес, – деп өмірде болатын тосын жайттан тобықтай түйін түйеді де:

Сағатты кідіртуге болар, бәлкім,

Уақытты тоқтату мүмкін емес, – деп өмірдің атқан оқтай тез өтерін ұғындырады, ойландырады.

Ырду-дырду, тобыр-тойлар өлтіріп,

Босқа кеткен күндерімді аяймын.

Сүймесе де өмірде бір адамның,

Болғаны қандай жақсы сағынатын. 

Кешегі қатар қыздардың бұрымдарынан,

Кетіпті ұшып көктемнің көбелектері.

Бұл келтірілген тармақтар шын ақынның қаламына ілінетін жолдар екені еш күмән туғызбайды. Жалпы жинақтағы барша өлеңдер, өз обьектісін дәл бейнелейтін арнаулар, әркімге әруақытта қажет ғибратты сөздер оқырмандар көңілін дәл басады.

Қазір Н.Қабылов «Атырау-Ақпарат» ЖШС-і директорының орынбасары. Қаламы қолында, өзі ат үстінде. Қаламгерге : «Алда да жазар көбейсін!» демекпіз.

Қалидолла ІЗЕКЕН, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT