Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ер адамдар

Бенедиктоның өзінің жасындағы көптеген адамнан бір айырмашылығы ас қазанына қояр кінараты жоқ еді. Ол удан басқа қолына түскеннің бәрін де ішіп-жей береді.

Түскі үзілісті әдетте ол дәмханадағы шағын үлдірік жанындағы өзі жақсы көретін бұрышта өткізіп, айналасындағы асығып-үсіккен жастарға мүсіркей қарап қойып, тамақтың артынан салқын сыраны сыздықтата тартып отырады. «Иә, бұл емшек табы ернінен кетпегендерден не сұрайсың? – деп, Бенедикто мейірбандылықпен қарап, ойға беріледі.

– Егер олар ұнтақ сүт, кока-кола және твиспен өскен болса, бұлардан не күтуге болады?» Өзі десятник болып басқаратын жас жұмысшылар оны жақсы көреді. Ол ретті жерінде тұздықтай сөйлеуді біледі, ал егер, әсіресе, өзінің жас кезіндегі ғашықтық хикаяларын, әйелдердің алдында мейманасы тасыған сәттерін айтқанда, айызың қанады!..Мейманасы тасыған мұндай сәттердің, оның айтуына қарағанда, есебі жоқ. Міне, ол өзінің жақсы көретін бұрышында сыздықтата сыраны тартып отыр – әуелі дәмін татып көреді, ал содан соң сіміре бастайды. Сыра да құдды бір әйел сияқты. Оған үйренуге де, тіпті, оны тастап кетуге де болады. Бірақ, жасың алпысқа келгенде, ескі үйреншікті әдеттеріңді бағалай бастайды екенсің. Демек, Бенедикто әзірге ішкілікті қоюды ойлаған емес. Дәмханада жас жігіттер толы болатын. Олар өздеріне тамақ пен ішімдік таңдап алып, шағын столдар жанына жайғаса отырып жатыр.

Кенет Бенедиктоның жүрегі шым етті: жастық шағы мен әскердегі кезі есіне түскені – ол соңғы дүниежүзілік соғыс тұсында әскери қызметте болған еді. Соңғысы ма екен? Иә, қалай дегенмен де, ол үшін ең ақырғы соғыс болды! Ал, мынау емшек табы еріндерінен кетпегендерді не күтіп тұр екен? Шамасы, егер соғыс, оның үстіне жаңа модалы, атом соғысы бола қалса, онда мына отырған балалардың «ә» деуге шамаларын келтірместен, бәрінің де түбіне жетеді-ау. Жас жүргізушілердің арасында Бенедиктоның да жақын танысы – жасы жиырма сегіздерге келген бір жүк машинасының жүргізушісі болды. Ол осы таяуда ғана үйленген-ді, өзі зіңгіттей, бұлшық еттері ойнаған сондай мығым, бейқам жүретін. Бірақ бұл сырттай қарағанда ғана солай көрінеді, ал шын мәнінде ол тапқыр, ақылды жігіт еді. Жігіттің бойындағы бұл қасиеттерді жасамыс тіс қаққан тек оның бір өзі, Муленга ғана көре алған сияқты, сондықтан ол өз байқаулары жайлы ешкімге де тіс жарып, сыр ашқан емес: уақыты келер – сонда жігіт әлі өзін өзі көрсететін болады. Олардың әке мен бала арасындағыдай достық қатынасы біртіндеп беки түсті, сондықтан мұны екеуі де мақтаныш тұтатын. Олардың бір-бірінен жасыратындай құпиялары да жоқ. Күн сайын дәмханада кездесіп, олар бір-біріне әр түрлі қызықты хикаялар айтып, айыздары қанғанша мылжыңдайтын. Олардың қиял ғажайып ойларының шегі жоқ, әсіресе, сұмдық оқиғалар жайлы әңгіме-дүкен құра қалса, мұндай хикаялары нағыз кереметтің өзі болып шығады. Өзінен әлдеқайда жас адаммен тапқырлық жағынан тайталасқа түсе алатынын Муленга іштей мақтаныш тұтушы еді. Бірде оның әңгімесінен соң, жас жігіттің, оның өз мойындауына қарағанда, бір апта бойы ұйқысы қашып, тамағынан ас өтпепті.

Ә, міне, соның өзі, әлгі оның айтқан жақсы танысы тарелкадағы асы мен бір стақан сырасын ұстап, шағын столдардың арасынан өтіп келеді. Кенеттен шал әлденеге күрсінді. Тағдыр оған опасыздықпен соққы берген еді... Оның мына жас жігітке ұқсас үш ұлы бар. Олардың бірі — Англияда. Сонда университеттің зоология факультетінде аң союшы болам деп кеткен. Бірақ оның орнына джаз трубашысы болып шыға келіпті де, енді Лондон Сохосының жертөлесінде түні бойы жанталаса барын салып, ойын көрсетеді.

Екінші ұлы – Лусакада газет редакциясында қызмет істейді, кәсібі – Муленганың пікірі бойынша, арзымайтын жұмыс көрінеді. Байғұс тәулігіне жиырма төрт сағат бойы тамтығы қалмай жұмыс істейді, өзіне шын берілген әйелі мен сүп-сүйкімді үш баласы бола тұрса да, асқазанына жара түсіп, ауруға шалдығыпты, енді ішімдік те ішпейді, темекі де шекпейді, ал біздің әбігері мен машақаты мол мынау заманымызда еркектер үшін бұлардан басқа немен көңіл көтеруге болады енді!

Үшінші ұлы бәрінен де асып түсті. Саясатшы болып алыпты: көп ойланбастан бір пар-тиядан екінші партияға тайқып шыға келіпті де, енді парламент мүшесі болыпты – күлкілі жай, одан басқа не дейсің. Бүкіл палата болып оны мазақтайтын көрінеді. Ол алда-жалда жұрт алдына шығып сөйлейтін болса, журналистер балконнан асылып, бір сөзін де қалт жібермеуге тырысады. Оған жұрттың бәрі де, тіпті, өзі мүшесі болып отырған үстем партиядағы жігіттер де қайран қалады. Ал министрлер болса, ол сөз сөйлей бастаса болды, үнемі тыжырынып шыға келеді. Әсіресе, министрлерді қатты ренжіткен баласының бір сөйлеген сөзі Муленганың есінде қалыпты: «Бұл палатада шамадан тыс көп айтысады. Меніңше, оппозицияға сынауға көбірек еркіндік берілуі тиіс. Ай сайын бір апта бойы елді оппозиция басқаратын болсын деп ұсыныс енгіземін. Үкіметтің өзінен бетер олардың елді бүлдіретініне кәміл сенемін!»

- Кәне, қалай, «сынық арба көпке шыдайды» деп жүріп жтырсың ба? – деп, жас жүргізуші Мулангамен амандасты.

- Ептеп қана. Біз оны майлап қоямыз ғой, бірақ уақыт деген шал бізге қарсы жұмыс істеуде. Ал, өз үйіңдегі құлшылық жайың қалай?

- Мен үйлену дегенің салтанатты өмір сүру екенін, мұның өзі менің тақияма тар келетінін түсіндім, — деп жауап берді жас жігіт, түскі асты апыл-ғұпыл қарбыта отырып.

– Мұндай көңіл желігі тым қымбатқа түседі. Жүйкеңді жұқартатын іс. Міне, үйленгеніме үш ай болды, ал мен әлі күнге дейін өзімнің шыбын жанымды қоярға жер таба алмай жүрмін.

– Оның шанышқы ұстаған қолы аузына жетпей жарты жолда тоқтап, бір сәт үндемей қалды.

– Тыңдашы, саған айтатын бір хикаям бар – егер естісең, жағаңды ұстайсың. Бірақ қазір емес. Ешқайда асықпай, жайғасып отыру үшін, бестен кейін осында кездесейік. Муленга мақұлдағандай басын изеді. Тамаша! Ол сұмдық оқиғаларды сондай жақсы көреді, мұндай оқиғалар оның делебесін қоздырады. - Келістік! Мен сені, жігітім, білемін ғой, сенің хикаяларыңды тыңдаудан бір жалыққан емеспін! Демек, сен мені көп күттірмей, кешікпей келетін бол.

Немесе... Гәп жас жігітте. Ол: «Тыңдашы, саған айтатын бір хикаям бар – егер естісең, жағаңды ұстайсың...» дегенде, оның көз қарасынан әлдене байқалғандай болды. Жоқ, бұл әдеттегідей ойдан шығарылған жай әңгіме емес. «Жә, жетер, - деп, Муленга өзін өзі тежеді, - шамасы, тым күманшыл бола бастағнмын-ау». Машиналардың бәрін айналып шығып, ол жолдамалар жазуға кірісті. Оның жазуы тайға таңба басқандай. Әріптері біп-бірдей әрі ап-айқын. Кез келген кісі оған қызыға қарайды. Жұмыс істеп жүріп, уақыттың қалайша зырлап өте шыққанын аңдамапты. Міне, сағат бес болып қалыпты.

- Бір жігіт наубайханада жүргізуші болып істейтін. Кейде ол қаладан көптеген миль қашықтыққа рейіске шығатын, - деп бастады әңгімесін Муленганың жас танысы.

– Айталық, мұны Лусакада болған екен делік.

- Оның үстіне наубайханада емес, айталық, ол транспорт кеңсесінде істеді делік, — деп, Муленга да майпаздап әңгімеге кірісті. Олар дәмханада, үлдірік жанында ешқайда асықпайтын кісілердей, жайбарақат әрі ұзақ отырып сыра ішті. Жеті жарымға дейін олардың қолы бос. Ал, жеті жарымда Форт - Джеймсоннан соңғы жүк машинасы оралуға тиісті. Муленга сол машинаны көрмей, үйіне қайта алмайды. - Жә, солай-ақ делік, ол транспорт кеңсесінде жұмыс істеген, оның сұлу әрі өзін жанындай жақсы көретін әйелі болатын. Олар бірін бірі, тіпті, мектептен білетін. Оған әйел барлық жағынан ұнайтын – ақыл десең ақылды, көрік десең көрікті әрі оған шын берілген еді. Қысқасы, жігітке жақсы болды, әйел бойынан ешқандай кінәрат таба алмады.

Муленга мырс етіп күліп жіберді, оның хикаяларының бәрі дерлік осылайша басталады. Қарт өз досының жастығына аздап іштей қызғаныш білдірді. Ал, сол екі арада анау әңгімесін одан әрі жалғастырды: — Олар қосылғалы екі ай өткен, сондықтан жұрттың бәрі де оларды бірін бірі тауып қосылған десетін. Жігіт ақшаны күреп табады – ол алыс рейістерге шығады емес пе, олар пәтер ақысы едәуір қымбат ауданнан кең үй жалдады, ал әйелі болса, әдемі гүлзар екті. Олар балалы-шағалы болғысы келді, әзірге сегіз балалы болмақ, одан бір де кем емес. Муленга тағы да мырс етіп күліп жіберді. Бұл жеңіл-желпі іс емес екенін басқа білмесе де бұл біледі.

Муленганың оған өзінің қолы жетіп отыр, алайда қарт, неге екені белгісіз, өз ұрпағымен мақтана алмайды. Күндердің бір күнінде әлгі жігіт әйеліне былай дейді: «Бүгін мен Форт-Джеймсонға кетемін: Тек ертең қайтып ораламын. Жалғыз өзіңе көңілсіз болып жатса – Пекин радиосын тыңдарсың, бірден көңілің көтеріледі!» Ал, әйелі, әрине, бұған жымияды да қояды, сөйтіп, күйеуі кетіп қалады. Бұл кешкі сағат алтының шамасы еді. Бірақ гаражға келгенде, десятник оған жүк машинасының әлі жөндеуде тұрғанын айтады. Қымбат жүк тасуға тура келген еді, сондықтан машина ақаусыз күйде болуға тиіс, демек, жігітке бірер сағат күте тұруға тура келеді. Ол қайтадан үйіне кетеді, бір-екі сағат бос уақыты бар екенін айтып, әйелін қуантпақшы болады. Муленга енді күлкісін біржола тыйды, себебі әлде неге бойы түршіккендей болды. Бірақ ол әлі істің мәні неде екенін біле қоймаса да тек әңгімешінің әрбір сөзін қалт жібермей тыңдай берді.

Сағат сегіз болмаса да, үйдің жарығы сөндірілген. Ол әйелі жатып қалған екен деп ойлап, үйге кіреді. Шамасы, әйелі күйеуі жоқта жалғыздықтан үрейленбес үшін, тезірек ұйықтауға жатқан болар . Мүмкін, төсекте кітап оқып немесе радио тыңдап жатқан шығар... Жас жігіт сәл тоқтады да, содан соң қарлыққан дауыспен әңгімесін жалғастырды:

— Әйел шынында да төсекте еді, тек кітап оқып емес, басқа бір еркекпен жатыр екен. Кұйеуі өзін өзі ұстап қалды. Ол тіптен таңданбады және өзі ешқандай әбестік әрекетке бармады. Ол бейне бір кешірім өтінгендей, тек қана былай деді: «Кешір, сүйіктім. Сенің қонағың бар екенін білмеппін. Мен асханада бола тұрамын. Егер қажет болсам, шақырарсың», — деді. Ол өзінің салқынқандылығына таңырқады. Оның бойында өзінің төсегінде жатқан бұл еркектің кім екенін білейінші деген әуестік те болмады. Ол кофе қайнатып ішті де, гаражға кетті. Жүк машинасы дайын болған екен, сөйтіп, ол Форд-Джеймсонға тартып отырады. Тек екі күннен соң ол Лусакаға қайтып оралды да, бірден үйіне барды. Құдды бір шоқ басқандай әйелінің есі кеткен. Басым ауырады дегенді желеу етіп, жатын бөлмеге кетті. Күйеуі одан ешнәрсе жайлы тіс жарып сұраған жоқ. Өзі тіпті ештеңе болмағандай. Ал, әйелі болса, анадағы адам туралы өзінен қашан сұрар екен деп, дегбірі қашып, есінен тана жаздады. Осылайша бір апта өтеді. Ақыры, әйелдің шыдамы жетпеді де, күйеуіне ескертпестен Чисамбадағы ата-анасына кетеді. Ол әйелінің артынан барып, оның неліктен одан кетіп қалғанын ата-анасынан сұрады. Ал, олар болса, таң қалады – сонда қалай, ол өзінің екіқабат екенін және анасына барып тұрғысы келетінін оған айтпағаны ма? Енді күйеуі таң қалды. Әйелі екіқабат па еді? Сонда бұл бала кімдікі болғаны? Ол не ойларын білмеді, бірақ әйелінен сұрап жатпады. Олар қалаға қайтып оралды. Арада тағы да үш апта өтеді, ал ол болса сол бір еркек жайлы әлі күнге дейін ләм-мим деген емес. Әйелі бұрынғысынша оған ас дайындайды, бірақ оның көзіне қарауға дәті шыдамайды әрі түн баласы ұйықтай алмай шығады. Әңгімеші жігіт сәл ойланып, қарт-қа көз тастады да, жерге қарады.

— Міне, бар хикая осы, — деп, тосын әңгімесін аяқтады ол.

— Не?! – деп, айқайлап жіберді Муленга, орындықтан атып тұрып.

– Бар болғаны осы ма?

— Ендеше, жарайды, егер сенің соншама білгің келсе, бұл текетірес бала туғанға дейін созылған еді делік. Ал, содан кейін әйелі бұдан былай мұндай жан азабына төзе алмайтынын айтып, одан кетіп қалады.

— Сенің әңгімеңнің бір қисынсыз жері сол: бұған есі дұрыс бір де бір әйел мұнша ұзақ төзе алмас еді, — деп, төрелік айтты Муленга.

— Егер олай болса, мүмкін, сен өзің әңгіменің немен аяқталарын ойлап табарсың? – деп, ұсыныс жасады жігіт. —Ойлауға мұрша берші, — деп, Муленга қабағын түйді. Оның жасында жиырма сегіздегі жігітпен ой-қиял жарыстыру онша жеңіл емес-ті.

— Муленга мырза, сізді телефонға шақырып жатыр, — деп, дәмхана қожасы шақырды. Муленга досына қарады.

— Сен де ойлан. Мүмкін, әлденендей қисынды ой сенің басыңа да келер. Ол үлдіріктің ең арғы шетіндегі телефонға барды. Трубкаға аузын тосып, ол жас жігіт отырған жаққа аракідік қарап қойып, телефондағы сұқбатшыға басын изеді: «Иә, білемін. Тырысып көрейін. Жоқ, ат басындай алтын берсе де істей алмаймын. Оқшау, шетін іс. Рақмет, инспектор, көп рақмет». Ол бұрыштағы өз орнына қайтып оралып, сырадан бір ұрттады да, досына бұрылды:

— Міне, сөйтіп, ақыры мынадай болған екен делік. Егер қателесіп бара жатсам, сен түзетерсің. Әйел бұл азапты көтере алмады. Сондықтан ол мынадай шешімге келеді: күйеуінің алдында ақтала алмайды екен – бала сонікі болса да, бірақ енді күйеуін бұған сендіре алмайсың, — демек, әйелге жалпы өмір сүрудің нендей қажеті бар. Міне, сол себепті әйел өзіне өзі қол жұмсаған. Ал, бүгін таңертең оны полиция тауып алыпты. Ол Лусакадағы Чингвере зиратына таяу жердегі ағашта асылып тұрған. Транспорт кеңсесіндегі (мұнда жүргізуші жұмыс істейтін) десятниктің таныс инспекторы әлгінде ғана бұл қайғылы хабарды айту үшін оған телефон соққан. Ол: «Тек байғұсқа алдын ала естірт», — деді. Ал, десятник ол жігіттің досы болып шықты, сондықтан не керектің бәрін істеуге тырысатынын айтып жауап береді. Дос болғаныңа!..Өзінің жанын жегідей жеп, азапқа түссе де, қартпен ақылдаспайтынын қарашы. Болған жайдың бәрін қаз қалпында бірден айтудың орнына, қайдағы бір сандыраққа бастың, соның өзінде мені алдай алмадың. Көрдің бе, сен әйеліңнің түбіне қалай жеткеніңді! Мен айттым ғой, үйлену – менің қолым емес деп. Мен тіпті оның неліктен менің көзіме шөп сала бастағанын сұрауға да дәтім шыдамады. Себебін түсіне алмадым... Бірақ әркез осы сауалды оған қояйын десем, оның түрін көремін де, аяныштан демім тарыла бастайды. Бұл ғой мүлдем оған ұқсамайды! Ол мені сүйемін деп айтқан еді ғой. Ал мен болсам, бәрін де бәз-баяғы сол қалпында қалдырғым келді. Мен бәрін саған айтуға тиісті едім, тек сен бізге қалай көмектескен блолар едің? Муленга басын шайқады:

— Сен дұрыс айтасың, мен де, басқа біреу де... Тым қиын іс бұл. Тек сенің өзің ғана мән-жайдың барлығын анықтай алар едің. Бірге барайық. Біз әлі де дос емеспіз бе? Әлде, қалай?

— Әлбетте, солай, — деп жас жігіт орнынан тұрып, қарттың соңынан ерді. — Алпыс жыл өмір сүріппін жарық дүниеде, осыған дейін өмірден түк түсінсем бұйырмасын! – деп, Муленга мұрнының астынан міңгір етті.

Уильям САИДИ,

Замбияның жазушысы.

Аударған: Тәжібай ЖАНАЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT