Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жігері жасымаған Райымбек

Мүмкіндігі шектеулі жан десе көз алдымызға жаны жабырқау, көңілі қаяу, өзіне сенімсіз кейіптегі адам елестейтіні белгілі.

Алайда, ол заңдылықты бұзып, мүмкіндігі шектеулі болса да құлшына еңбек етіп, белсенді түрде өмір сүріп жатқан жандар жетерлік. Солардың бірі – миялылық Райымбек Якупов.

Бірінші топ мүгедегі саналатын ол алты жасында орын алған жол апаты салдарынан жұлынына зақым келіп, арбаға таңылған. Нағыз жүгіріп ойнайтын шағында мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарына қосылған ол бір қызығы – өзінің бұл өміріне ешқашан өкпе айтқан емес. Тек қана өзін осы күнге жеткізген ата-анасының ғұмыры ұзақ болса екен деп тілейді.

Алғаш жол апатына түсіп, арбаға таңылғанда аса бір қорқыныш сезімі болған жоқ. Балалықтан шығар қайта арбамен жүргенді қызық көрдім. Алайда, жасым үлкейіп, ес кіре бастағанда қиындықтар туындады. Өзім қатарлы балалар сабаққа барып, көшеде футбол ойнап жүргенін көргенде менің де ойнағым келді. Сөйтсем мен өз аяғыммен әжетханаға да бара алмайды екенмін. Бұдан бөлек, маған ең ауыр тигені – әкемнің мені арқалап жүруі, анамның жалғыз ұлының тілеуін тілеп, аурухана табалдырығын тоздыруы болды. Салмағым көбейген сайын мені арқалап жүру әкеме де оңай болмады. Бірақ, ата-анам ол қиындықтың бәріне төзді, шыдады. Сол үшін де мен ата-анама мәңгілік қарыздармын, – дейді кейіпкеріміз.

26 жыл бойы арбаға таңылған Райымбек «Мүгедекпін...» деп мұңайып отырмады. Өзінің жарқын өмірі үшін күресе білді. Достарымен бірге спорт залға барып, үнемі жаттығулар жасады. Соның нәтижесінде ешкімнің көмегінсіз өзі отыз метрге дейін жүретін болды. Ерік-жігері мықты Райымбек жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Жас тұлпар-2016» жыл қорытындысы бойынша «Жігерлі жас» номинациясын да иеленді. Оның өмірге деген құлшынысына тәнті болған жерлес ағасы Жарас Ізғұлов Оңтүстік Корея елінің клиникасында ем алуына демеуші болса, өткен жылы «Қызылқоға – құтты мекенім» қайырымдылық қорының демеушілігімен умра қажылығына барып, парызын өтеп қайтты. Мұның бәрі Райымбектің өмірге деген көзқарасын өзгертіп, құлшынысын арттыра түскені сөзсіз. Бұдан бөлек, кейіпкеріміздің өмірінде дзюдо күресінің де алатын орны ерекше. 2008 жылы Пекин олимпиадасындағы жерлесіміз Асхат Жеткиевтің күресін көріп, дзюдо күресіне аңсары ауған Райымбек қазіргі таңда аталмыш спорттың еліміздегі белді жанкүйерлерінің бірі.

Осы ретте Қазақстан Республикасы дзюдо федерациясының баспасөз хатшысы Әйгерім Тоқсанбек:

– Баспасөз хатшысы болғандықтан елімізде өтетін ірі жарыстардың барлығында боламыз. Сонда байқағаным – мен барған жарыстардың барлығында арбада отырған бір жігіт жүреді. Құрамадағы мықты палуандардың өзі оған барып амандасып, суретке түсіп жатады. Содан кейін сұрастыра жүріп оның қызылқоғалық Райымбек Якупов екенін білдім. Кейіннен Оралда өткен бір жарыста танысып, жақсы дос болып кеттік. Ашық, аккөңіл азамат екен. Дзюдо десе ішкен асын жерге қойып тамашалайтын нағыз жанкүйердің өзі. Әлемдік деңгейде өтетін ірі жарыстардың алдында үнемі ой бөлісіп, қай салмақта, кім жеңімпаз атанатынын айтып отырады. Бір қызығы – оның айтқандарының көбі дәл келеді. Яғни, Райымбектің Қазақстандағы нөмірі бірінші дзюдо күресінің жанкүйері десек болады, – деген пікір білдірсе, дзюда күресінен Қазақстан құрамасының мүшесі, жерлесіміз Сұңғат Закарияев оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға барған сайын командаластары үнемі Райымбекті сұрап, сәлем жолдап жататынын айтады.

Жалпы, ауданнан шығып әлемдік деңгейде өнер көрсеткен Мәлік Төлеуішов, Асхат Тельманов, Наурызбек Майлашев, Сұңғат Закарияевтардың күрестегі әбжілдігі Райымбектің дзюдо күресіне деген құштарлығын оятты. Сондықтан болар, ол тез арада жазылып, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметовпен белдессем деп армандайды. Кім біледі, осылай жаттығуларын жасай берсе Елдоспен де белдесетін сәт туар...

Жақында кейіпкеріміздің өмірінде тағы бір қуанышты оқиға орын алды. Ол қуаныш – Райымбектің өмірлік жарын тауып, шаңырақ көтеруі. Миялылық Әйгерім атты арумен бас құраған ол өткен айдың аяғында ағайын-туысы мен дос-жаранын жинап, беташар тойын жасады. Жалғыз ұлдың шаңырақ көтергеніне қатты қуанған Сағидолла әке мен Ғайни ана төбелері көкке екі елі жетті десе де болады. Ауыл халқы да өз балалары үйленгендей шаттанып, екі жасқа «Бақытты болыңдар» деп тілек айтты. Аңсаған арман, көздеген мақсатына қол жеткізбей тынбайтын Райымбектің өмірі – дені сау болса да сәл нәрсеге борша езіле кететін көптеген жандарға үлгі.

Ендеше, кез-келген қиындықты қасқая қарсы алып, күлімдеп шығарып салатын Райымбектей жастарымыз көп болғай дейсің.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT