Азанда тұрып Миялы ауылынан Жангелдин бағытына қарай жолға шыға қалсаңыз күнмен таласып көпірге қарай жүгіріп бара жатқан жастарды байқайсыз. Салауатты өмір салтын ұстанып, күн сайын жүгіруді дағдыға айналдырған олар көптен бері көпшіліктің қызығушылығын тудырып жүргені анық.
Соған сай, біз өткен аптаның жексенбісі күні таңғы сағат алтыға он минут қалғанда Миялы ауылының шетіндегі жанармай бекеті жанынан таңғы жаттығу жасаушыларды күттік. Күн әлі қаракөлеңке. Көп ұзамай жүгірушілердің алғашқы легі шықты. Олар үш қыз, екі ұл екен. Артынан көп өтпей спорттық форма киген тағы бір топ асфальт жолмен көпірге қарай бет алды. Бірі ұялы телефонның дауысын барына ашып қойып, әуен тыңдап жүгірсе, енді бірі құлаққап тағып алған. Жүгіруші жастардың аяқалысынан-ақ күнде жүгіріп жүргенін байқауға болады. Оларды сөзге тартпастан бұрын сырттарынан суретке түсіріп алдық та, көлігімізбен әрі жүріп, көпір басынан күтуді жөн санадық. Көп ұзамай артымыздан олардың алғашқы тобы келе бастады. Көбі көпір басына келіп түрлі жаттығулар жасап, бойларын жазып, шынығып жатты. Сол сәтте газеттен екенімізді айтып, өзімізді таныстырғанда бәрі амандасып, әңгімеміз бірден жарасып кетті. Байқағанымыз жүгірушілердің басым көпшілігі оқушылар мен студенттер екен. Ішінде күреспен айналысатын бір-екі спортшыдан басқасы әуесқой жүгірушілер. Әңгіме барысында жүгірумен қашаннан бастап айналысатыны, оған не түрткі болғаны жайлы әрқайсысынан сұрап, пікірлерін жинақтадық.
Таңда да, кешке де жүгіремін
Мен өзім 12 жасымнан бастап күреспен айналысамын. Ірілі-ұсақты аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлдегер де атанып жүрдім. Алайда, сәуір айынан бастап елде қалыптасқан жағдайға байланысты жаттығу залымыз өз жұмысын тоқтатты. Содан бері өзімнің спорттық қалпымды жоғалтып алмау үшін жүгіруді, далада жаттығу жасауды дағдыға айналдырдым. Басында кешкі уақытта жүгіріп жүрдім. Маусым айынан бастап сыныптастарым Қайрат пен Асылболат та жүгіретіндерін айтып, содан бері таңда тұрып жүгіруді қолға алдық. Кейіннен сыныптас қыздар қосылды. Басында ұйқыдан тұру қиын болады. Сол үшін ерте жатуды әдет қылдым. Осылайша таңғы жүгіруді екі айдан бері қалдырмай келеміз. Ал, ұйықтап қалған күндері кешке шығамыз. Бірақ, кешке қарағанда таңғы жаттығудың пайдасы көп.
Таңғы таза ауада екінші тыныс тез ашылады, әрі өзің сергек боласың. Аяқ алысың да жеңілдейді. Бір жағынан жүгіретін жастар көп. Солармен күліп-ойнап, жарысып жүріп, көпірге қалай жеткеніңді білмей қаласың. Басында ілесе алмай, тез шаршап қалатын сыныптастарым да қазір желаяқ болып алды. Қысқасы таңғы жаттығудың пайдасы мол. Сондықтан барша жастарды кешкілік көшеге шығып, бос жүргеннен гөрі, ерте жатып, ерте тұрып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақырамын.
Азамат АЙДОС,
Дзюдо мен қазақ күресінен аудандық,
облыстық жарыстардың жүлдегері
Суретке әуестігім жүгіруге ұласты
Қазіргі интернет дамыған заманда жастардың басым бөлігінің ермегі – әртүрлі бағыттағы бейнекөрініс пен сурет түсіріп оны әлеуметтік желіге жүктеу. Солардың қатарында мен де бармын. Басында «Инстаграмм» мен «Тик-ток» желісіне әдемі сурет пен бейнекөрініс салу үшін кешкілік күннің қызара батқанын түсіріп салып жүрдім. Сосын басыма күннің шығуы мен таңғы көріністерді түсіру жайлы ой келді. Сөйтіп шілде айының ортасынан бастап таңда ерінбей тұрып, малдардың өріске кетіп жатқанын, күннің шыққанын түсірдім. Сөйтіп жүргенде таңда жастардың жүгіретінін естіп, ауыл шетіне арнайы бардым. Қарасам көбі өзімнің қатарларым екен. Араларында қыздар да көп. Басында соларды сырттарынан суретке түсіріп жүріп, жүгіруге деген өзімнің де ынтам ашылды. Осылайша, спорттық киім киіп, таңда тұруды дағдыға айналдырдым. Алғашында 500 метр жүгіріп, қос өкпемді ұстап қайтып жүрдім. Кейіннен жайлап қашықтықты ұзарта бастадым. Бір айдың ішінде үш шақырымды шаршамай-шалдықпай еңсеретін болдым. Әрі жүгірем, әрі таңғы көріністі суретке түсіремін.
Әйгерім ЕРБОЛҚЫЗЫ,
әуесқой спортшы
12 келі салмақ тастадым
Мені таңғы жүгіруге алып келген артық салмақ. Қыз бала болғасын жинақы, арық болған жақсы ғой. Алайда, мен соңғы екі жылда біршама толысып кеттім. Биылғы жылдың мамыр айында бір өлшенгенімде 72 келі болдым. Содан кейін дереу арықтауды қолға алдым. Басында түрлі арықтатын дәрілер алып, ішіп көрдім. Алайда, ол лоқсытып, ағзама жақпады. Сосын жүгіремін деп шештім. Алғашқы кезде таңғы ұйқымды қимай кешкілік шығып жүрдім. Бірақ кешке көшеде адам да, көлік те көп болатындықтан ұялап, таңда тұруды қолға алдым. Міне, содан бері екі айдай уақыт болды. Осы екі ай ішінде 12 келі салмақ тастаппын. Бұл менің «жеке рекордым» десем де болады. Таңғы жаттығуды қолға алғаннан бері әр күніме жоспар құрып, режимді қатаң сақтайтын болдым. Бір сөзбен айтқанда таңғы жаттығудың арқасында өмірім бір жүйеге түсті.
Назерке ҚАЙЫРОВА,
әуесқой спортшы
Түске дейінгі ұйқыдан құтылдым
Бұрын менің ең басты жауым ұйқы болатын. Түнгі үшке дейін көшеге шығып, үйге келгесін тағы екі сағат ұялы телефон қарап жататынмын. Сөйтіп жүргенде достарым «Таңғы жаттығу жасайық» деп бастама көтерді. Менде достарыма еріп, тәуекел еттім. Алайда, бұрынғы дағдым бойынша түнімен ұйықтамай бір күні таңда алғаш рет жүгіруге шықтым. Сөйтсем бұл қате әрі денсаулыққа зиян екен. Спортпен айналысатын достарым ол үшін ерте жату керектігін түсіндірді. Осылайша, ерте ұйықтап, таңда жүгіруді мықтап қолға алдым. Күнделікті әдетке айналдырдым десем де болады. Содан бері қол жеткізген пайдам – түске дейінгі ұйқыдан құтылдым. Таңғы жаттығудан сағат жетіге жақын үйге келіп, жуынып, шай ішемін. Артынше үйде жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына көмектесемін. Ата-анам да бұл ісіме риза. Өзімнің де көңілім көтеріңкі, ұйқым сергек.
Жасұлан ЖЫЛҚЫБАЕВ,
студент
Түйін. Жалынды жастардың әдемі спорттық формасы, таңғы жаттығу жасауы, өзара қалжыңдасып ойнап-күлуіне қарап тұрып, көңіл марқаяды екен. Бәрі өздеріне жарасымды. Ең бастысы бұл жастар түнімен көше кезіп, арақ ішіп, төбелесіп, берекені алатындар емес. Бұлар уақытылы ұйықтап, ертемен жүгіріп, салауатты өмір салтын қалыптастырып жүрген сайыпқырандар. Ендеше, салауатты өмірге қадам басқан жастарға «Бәрекелді» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН
Сурет: ашық дереккөзден