Атырау қаласында қазақ күресінен ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатына іріктеу жарысы өтті.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақстан – спорттық ұлт» жобасы аясында өткен жарысқа облысқа қарасты жеті аудан мен Атырау қаласының апайтөс балуандары қатысты. 70-ке жуық балуан қатысқан додада аудан намысын қорғаған 55 келіде Бекарыс Мұратұлы, 66 келіде Нұрболат Ізімғалиев, 74 келіде Сағат Ғазимов, 90 келіде Руслан Ізғалиевтер алтыннан алқа тақса, 55 келіде Бағытжан Нарешов пен 100 келіде Роллан Шакиев екінші орынға ие болды. Сондай-ақ, 66 келі салмақта Роман Майлашев, 82 келіде Дулат Балимов, 90 келіде Мәлік Төлеуішовтар қола жүлдеге қол жеткізді.
Ал, «Түйе балуан» бәсекесінде Руслан Ізғалиев финалда атыраулық Амандық Абылайға есе жіберіп, күміс жүлдені еншіледі. Жарыс соңында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атырау облысында қазақ күресінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Мәлік Сүлейменовке Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясының «Қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті.
Дулат ҒҰБАЙДОЛЛА