Миялы спорт кешенінде «Ұлан» балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлығы клубының ұйымдастыруымен оқушылар арасында аудандық спартакиада өтті. Оған аудандағы 15 орта мектептен барлығы 630 оқушы қатысып, волейбол, футзал, баскетбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі спорт түрлері бойынша сынға түсті.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:
– Былтыр ауданымызда «Ұлан» балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлығы клубы құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Мақсат – оқушыларды салауатты өмірге баулып, дені сау ұрпақ қалыптастыру. Клубта 20 жаттықтырушы бар. Олар аудан мектептерінде оқушыларды спорттың 9 түрі бойынша жаттықтырады. Бүгін ашылғанына төрт айдан асқан клуб өзінің алғашқы спартакиадасын өткізуде. Ендеше, барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді.
Ашылу салтанатынан соң дүбірлі дода басталып, жарыстар Миялы спорт кешенінен бөлек Х. Досмұхамедұлы атындағы орта мектеп пен Ы. Шөреков атындағы мектеп-гимназияның спорт залдарында өтті. Спартакиаданың алғашқы күнінде оқушылар тоғызқұмалақ, ұлдар волейболы, баскетбол бойынша сынға түссе, екінші күні футзал, қыздар волейболы және үстел теннисі бойынша өзара кім мықтыны анықтады. Екі күнге созылған жарыс нәтижесінде Ы. Шөреков атындағы мектеп гимназиясы спорттың үш түрінен топ жарса, Х.Досмұхамедұлы атындағы, Жаңашаруа және Миялы орта мектептері бір-бірден жеңімпаз атанды.
«Ұлан» балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлығы клубының директоры Бауыржан Досқалиев: «Бұл клубтың алғашқы сынақ түрінде өткізіп жатқан спартакиадасы. Осы жарыс нәтижесінде анықталған үздіктер алдағы уақытта облыстық, республикалық додаларда аудан намысын қорғайтын болады. Дәл осылай жарыстарды жиі өткізіп, оқушыларды шыңдай берсек, олар алдағы 5-6 жылда аудан спортының көшбасшыларына айналары сөзсіз» деген пікір білдірді.
Дулат БЕРІКҰЛЫ