«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» деген халық нақылын басты ұстаным еткен Миялы ауылының 1995 және 1998 жылғы жастары достық кездесу арқылы бұқаралық спорттың мәнін арттыруды қолға алды.
Бұл ретте, ең алдымен 1995 жылғы туылған жастар кіші аяқ добы, қазақ күресінен өз ара сынға түссе, 1998 жылы туылған жастар спорттың дәстүрлі садақ ату, кіші аяқ добы, бұқа тартыс, үстел теннисі, ләңгі тебу түрлерінен бақтарын сынады. Мақсат - жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, ауыл жастарын біріктіріп, достық қарым-қатынасты нығайту. Тартысты, әрі қызықты өткен сайыста қатысушыларға диплом, алғыс хат табыс етілді.
- Қазіргі жастар уақытын тиімді пайдаланбауы мәселеге айналып бара жатыр. Оның басты себебі ұялы телефон мен әлеуметтік желі. Әрине, спорт – денсаулықтың, салауатты өмір салтының кепілі. Сол себепті, ең алдымен 1995 жылғы ауыл жастары осындай эстафетаны қолға алып, екінші боп 1998 жылғы жастар қоштады. Кез келген жас елдің ертеңі, болашағы. Ал, сол болашақты дені сау ұрпақ қана өсіреді. Бұл бастама әлі де жалғасын табады деген сенімдемін, - дейді «Жастар» ресурстық орталығының директоры Ризабек Амантайұлы.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА