Әлем чемпионы, жерлесіміз Жандос Тілекбаев елге оралып, аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов бастаған мекеме, бөлім басшылары, Жандостың бапкерлері мен әріптестері, шәкірттері, құрдас, достары Миялы ауылының шетінен күтіп алып, елдің абыройын асқақтатқан әлем чемпионына қазақы салтпен ақ ұсынып, әжелер шашу шашып, лайықты құрмет көрсетті.
Одан соң, аудан әкімі Арман Баженов арнайы қабылдады. Онда алдымен сөз алған аудан басшысы:
- Бүгін аудан, облыс қала берді ел абыройын асқақтатқан Жандос Тілекбаев ортамызға келіп отыр. Жандосты мен өзім бүгінгінің батыры деп есептеймін. Әрдайым елдің мерейін үстем ететін Жандостай спорт саңлақтары ауданымыздан көптеп шыға беруіне тілектеспін, - деп ізгі тілегін білдіріп, Жандосқа арнайы құттықтау хатпен сый-сыяпат ұсынды.
Одан соң аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали да Жандосты жеңісімен құттықтады. Жандостың ағайындары атынан сөз сөйлеген Сейтазым Арыстанов сөз сөйлеп, әлем чемпионын құрметтеп, қолпаштап жатқан барша азаматтарға алғыс білдірді.
- Алты жасымнан бастап күреске қатысып, Мәлік ағайдан тәлім алдым. Зейнолла, Аян, Аманбай ағаларымыз алдымыздағы ақылшы ағаларымыз. Өзім білмегенімді солардан сұраймын. Несін жасырайық, біздің бабымыз келіскен шақтарда спортта әділетсіздіктер көп болды. Ұтып тұрсаң да, ұтылғанның қолын көтеретін кездер аз болған жоқ. Ақшасы барлар ғана жарысқа баратын. Бірақ, соған қарамастан күреспен айналысуды тоқтатқан жоқпын. «Жаттығуда қиын болса, жарыста оңай болады» деген қағидамен күнде жаттыға бердім. Спорттың арқасында азаматтық борышымды өтеп жүріп, ант қабылдаған бойда еңбек демалысын алған да кезім болды. Бірнеше рет облыстық жарыстардың жеңімпазы атағына қол жеткіздім. Әлем чемпионатына барар кезде күрестің үш түрінен (дзюдо, самбо, қазақ күресі) Қазақстан Республикасының чемпионы атандым. Бұдан бұрын самбо күресінен Әлем чемионатының қола жүлдегері атанып едім. Енді міне, Әлем чемпионы атағына ие болып отырмын. Жалпы, жүйелі түрде жаттыққан спортшы жеңіске жетпей қоймайды. Мені арнайы күтіп алып, құрмет көрсетіп, қуанышқа ортақ болып жатқан барша азаматтарға алғысым зор,- дейді Әлем чемпионы Жандос Тілекбаев.
Міне, сөйтіп аудан абыройын асқақтатып оралған спорт саңлағына «Жарайсың, Жандос! Жетістіктен жетістікке жете бер» деген тілек білдіреміз.
Б.ІЗБАН