Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Словения елінен – қос алтын

Таяуда аудан спорты тағы да жоғары жетістіктермен толықты.

Нақтырақ айтқанда, 15-17 қазан күндері Словения мемлекетінің Градец қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен Еуропа Кубогі үшін болған турнирде сағыздық жас балуан Дидар Аманжол чемпион атанды.

Айта кетсек, бұған дейін Ақтау қаласында өткен дзюдодан КСРО спорт шеберлігіне үміткер Б.Ақшабаев атындағы халықаралық турнирде І орын, Халық батыры Шотан Назарұлы жүлдесіне арналған халықаралық турнирде ІІІ орын және республикалық «Жас батыр кубогі» турнирінде ІІ орын алып, көзге түскен Дидар Аманжол Қазақстан жасөспірімдер құрама командасына алынған болатын. Әлемнің 17 мемлекетінің балуандары қатысқан жарыста 60 келі салмақта сынға түскен Дидар бес белдесу өткізді.

Алғашқы қарсыласы латвиялық Н.Станковичті қосымша уақытта «вазари» әдісімен ұтса, екінші белдесуінде татами иесі – словениялық Д.Одкладалды 2 минут 46 секундта жауырынын жер иіскетті. Бұдан кейін чех балуаны Д.Элджонды да «иппон» әдісімен жеңген Дидар жартылай финалда тараздық балуан Ержігіт Дәулетті ұпай санымен ұтып, ақтық сынға жолдама алды. Ақтық айқаста 2 минут 46 секундта алматылық Ерзат Нұрмәділді таза жеңген жерлесіміз Дидар Аманжол алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ, аталмыш жарыста жерлесіміз, самбодан Әлем чемпионы Данияр Жақсиевтің шәкірттері де жеңіс тұғырынан көрініп, ел намысын абыроймен қорғады. Соның ішінде Сағыз ауылында дүниеге келіп, бүгінгі таңда Атырау қаласында тұратын Дамеля Асылханова жасөспірім қыздар арасында 52 келі салмақта сынға түсіп, алтыннан алқа тақса, Асель Русланова ІІ орынды (40 келі), Зере Өтепқали ІІІ орынды иеленді.

Бірінші белдесуінде словениялық дзюдошыны ұтқан Дамеля Қайратқызы одан кейін австриялық балуанды жеңіп, жартылай сында неміс балуанын тізе бүктірді. Ал, ақтық сында тағы бір австриялық дзюдошымен белдескен жерлесіміздің мерейі үстем болып, қарсыласын «иппон» әдісімен жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Сөйтіп, байрақты бәсекеде өз салмақтары бойынша барлық қарсыластарының жауырындарын жерге тигізіп, алтын медальды иеленген Дидар мен Дамеля Еуропа төрінде еліміздің Әнұранын ойнатып, көк Туымызды желбіретті. Жас балуандардың жеңіс тұғырынан көрініп, ел абыройын асқақтатуда жаттықтырушылары Сәлімгерей Нұрболғанов пен Данияр Жақсиевтің еңбектерінің өлшеусіз екендігі анық. Ендеше, қос балуанды айтулы жеңістерімен құттықтай отырып, жеңісті сәттеріңіз көп болсын демекпіз.

 

Бауыржан САҚТАСИНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521