Таяуда, тұңғыш рет Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығына арналған қазақ күресінен «Кәсіподақ барысы – 2024» республикалық турнирі болып өтті. Ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салалық деңгейде қазақ күресінің дәрежесін көтеріп, кәсіподақ ұйымдары арасында шынайы бәсекелестікті дамыту мақсатында өткізілген байрақты бәсекеге республикамыздың барлық аймағынан 40-қа жуық балуан қатысты. Боз кілемде 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен кәсіподақ мүшелері «Кәсіподақ барысы» атағын сарапқа салды. Бұл сында облыс намысын Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімдері Сағат Ғазимов пен Сейілхан Оқас қорғады.
Нәтижесінде, 90 келіге дейін салмақ дәрежесінде екінші орынды Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі Сағат Ғазимов иеленіп, үш жүз елу мың теңге қаржылай сыйлығына ие болса, 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз Сейілхан Оқас арнайы диплом мен ақшалай сыйлықты иеленді.
- Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Осынау дүбірлі додада бақ сынауға мүмкіндік жасап, барлық жол қаражатымызға арнайы қаржы қарастырған Қылышбай Сүндетұлы бастаған «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұжымына алғысымыз шексіз, - дейді облыс намысын абыроймен қорғаған балуандар.
Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ