Таяуда Грецияның Ираклион қаласында джиу-джитсудан жастар мен ересектер арасында әлем чемионаты өтті. Оған әлемнің 68 елінен 2500 спортшы қатысып, өзара кім мықтыны анықтады.
Аталмыш сында ел намысын қорғаған Қызылқоға балалар-жасөспірімдер мектебінің шәкірті Дарын Алғазы 48 келіде бақ сынап, жарыстың қола жүлдегері атанды. Алғашқы белдесулерінде Франция, Италия және қазақстандық балуандарды ұтқан ол төртінші кездесуінде ресейлік балуанмен шықты. Ол белдесуде ұпай бойынша алда тұрған Дарын соңғы секундтарда аяғы кілемнен шығып кетіп, нәтижесінде ескерту алып, салдарынан жеңіс қарсыласына берілді.
Сөйтіп Дарын жарыстың қола жүлдесіне қол жеткізді. Сол сияқты аталмыш жарыста ел намысын қорғаған тағы бір жерлесіміз Ержан Ғали жергілікті және ресейлік балуандардан жеңіліп, жарысты ерте аяқтады. Соған қарамастан Қазақстан құрамасы 29 алтын, 25 күміс. 14 қола жүлдемен командалық есепте топ жарды. Дарынның дәл осындай нәтижеге қол жеткізуіне Қызылқоға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Бектұр Тынышқалидың еңбегі зор.
Дулат МӘТЖАН