Ақтау қаласында дзюдодан жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында «Иса-Досан» жүлдесіне арналған халықаралық ашық турнир өтті.
Биылғы жылы 12-ші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі турнирге 2007-2009 және 2010-2012 жылдары дүниеге келген 1400-ге жуық балуан қатысты.
Осынау дүбірлі додада Қызылқоға балалар-жасөспірімдер спорт мектебі Сағыз филиалының жаттықтырушысы Сәлімгерей Нұрболғановтың шәкірттері 2010 жылы туған Нұржан Аманжол 46 келі салмақта белдесіп, І орынды жеңіп алса, 46 келі салмақта сынға түскен 14 жастағы Дамир Асылбекұлы ІІІ орынды иеленді. Ал, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Марат Әбдуалиевтің шәкірті, 2010-2012жылдары дүниеге келген қыздар арасында +48 келі салмақта бақ сынап, кездескен қарсыластарының жауырындарын жерге тигізген мұқырлық Еркенұр Қуат І орынды жеңіп алды. Сөйтіп, турнир жүлдегерлері Нұржан Аманжол, Дамир Асылбекұлы және Еркенұр Қуаттар дзюдодан «Қазақстан Республикасы спорт шеберлігіне үміткер» атанды.
Бауыржан САҚТАСИНОВ