Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

СҰҢҒАТ – «ҚЫЗЫЛҚОҒА БАРЫСЫ»

Бүгін салауатты өмір салтын қалыптастырып, қазақ күресінің деңгейін көтеру және балалар жылын насихаттау мақсатында Миялы спорт кешенінде қазақ күресінен жасөспірімдер арасында «Жас барыс» және ересектер арасында «Қызылқоға барысы» аудандық турнирі өтті.

«Арман» мәдениет үйі жанындағы «Жұлдыз-ай» үлгілі би ұжымы орындаған «Шашу» биінен соң ортағы жарысқа қатысатын балуандар шақырылып, таныстырылды.

Мемлекеттік Әнұран ойналғаннан кейін аудан әкімі атынан құттықтау тілегін білдірген аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:

– Жыл сайын «Қазақстан барысы» турнирінде қызылқоғалық балуандардың облыс намысын қорғап жүргені біз үшін мақтаныш. Бүгінгі турнирде жеңімпаз атанған балуанда облыстық іріктеу турнирінен жақсы нәтижеге қол жеткізіп, республикалық турнирге жолдама алуына тілектеспіз. Сонымен қатар, «Қазақстан барысы» турниріне қатысып қоймай, жеңімпаз болуынан үміттенеміз, - деді.

Сондай-ақ, турнирде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин мен облыстық «Тарлан» қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры Аманбай Қыздарбаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

0cb6b421-fb2b-44b7-958a-21c41977affa

Алдымен жасөспірімдер арасында өткен «Жас барыс» сайысына алты балуан қатысып, бақтарын сынады. Нәтижесінде, І орынды жеңіп алған Саламат Жандарбеков «Жас барыс» атағымен қоса арнайы дипломмен бірге 40 мың теңгенің сертификатына ие болса, Жүрсін Болат ІІ орынды (30 мың теңге), Әльфараби Нұржан ІІІ орынды (15 мың теңге) иеленді. Ал, «Қызылқоға барысы» сайысына қатысуға тілек білдірген 11 балуан қоржынға салынған нөмірленген асықтарды суырып, қарсыластарын анықтады. Жеребеге сәйкес белдескендердің ұтылғандары жарыс жолынан шығып қалып жатса, ұтқандар жарысты әрі қарай жалғастырды. Тартысты өткен белдесулердің қорытындысында ақтық сын Сұңғат Закаряев пен Дулат Бәгеновтің арасында өтті. Нәтижесінде, қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, таза жеңіске жеткен Сұңғат Закарияев «Қызылқоға барысы» атанып, 70 мың теңгенің сертификатын иеленсе, ІІ орын алған Дулат Бәгеновке 50 мың теңге табыс етілді.  Ал, үшінші орын үшін болған белдесуде Табиғат Мағауияұлын ұтқан Мәлік Төлеуішовтің мерейі үстем болып,  40 мың теңгеге қол жеткізді. «Қызылқоға барысы» турнирінің жеңімпаздарын аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев пен «Тарлан» қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры Аманбай Қыздарбаев марапаттап, арнайы дипломмен бірге қаржылай сертификаттар мен белдіктерді табыс етті.

Айта кетсек, «Қызылқоға барысы» атанған Сұңғат Закарияев пен ІІ орын иегері Дулат Бәгенов 5 мамыр күні өтетін «Қазақ барысы» турнирінің облыстық іріктеу сайысына қатысады. Ендеше, жерлес қос балуанға облыстық додада жақсы нәтижеге қол жеткізіп, республикалық турнирде жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектеспіз.

 

Бауыржан САҚТАСИНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521