Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

БОЗ КІЛЕМДЕГІ МҰҒАЛІМДЕР БӘСЕКЕСІ

Дене тәрбиесі оның ішінде ұлттық спорт пен ойындар арқылы салауатты өмір сүру дағдыларын қалыптастыру, халықтың денсаулығын жақсарту, бұқаралық спортты дамыту, салт-дәстүрді сақтау, елін-жерін сүюге тәрбиелеу жас ұрпақ тәрбиесіндегі өте өзекті мәселелердің бірі. Дәстүрлі халық мәдениетінің ажырамас бір бөлігі болып саналатын ұлттық ойындар мен спорттың қоғамдағы атқаратын пайдасы орасан. Аударыспақ, бәйге, көкпар, қазақ күресі, асық ату, садақ ату және басқа да қазақтың қанына сіңген  ұлттық спорт түрлері – еліміздің бренді. Әсіресе, қазақ халқының тарихымен қатар дамып келе жатқан қазақ күресі бүгінде үлкен танымалдылыққа ие. Елімізде кез келген мерекелік іс-шаралар бұл спортсыз өтпейді.

Мемлекет басшысының бастамасымен биылдан бастап онкүндік «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күні болып белгіленді. Осыған орай, дүйсенбі күні ауданның құрылғанына 80 жыл толуына арналған облыстық білім беру басқармасының балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен білім беру ұйымдарының мұғалімдері арасында «Ұстаз барысы-2024» облыстық ашық турнирі болып өтті.

Мемлекеттік Әнұран ойналған соң, турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:

 – Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлттық спорт күні аясында облысымызда алғаш рет мұғалімдер арасында «Ұстаз барысы» турнирі ауданымыздың мерейтойына арналып өткізілуі зор қуаныш. Сондықтан осы жарысты ауданымызда ұйымдастырып жатқан ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Шын мықтылар осы жарыста анықталады. Бүгінгі турнирге қатысып жатқан барша балуанға сәттілік тілеймін! – деген тілегін білдіріп,  облыстық ардагерлер кеңесінің шешімімен ардагер ұстаз Рахмет Ғалиахметовты «Тәлімгер» медалімен марапаттады.

    Бұдан кейін құттықтау тілегін білдірген облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіп одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы мен облыстық білім беру басқармасы балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары, дзюдо және самбо күресінен КСРО спорт шебері Сәния Махамбетова құттықтау тілектерін білдіріп, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Салтанатты шара барысында «Спорт жұлдыздары» журналының редакция алқасының шешімімен ардагер ұстаздар Оңаш Құмаров пен Шойын Ізімқұлов «Дене шынықтыру және спортты дамытуға үлес қосқаны үшін» медалімен, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфайруз Әнжанова «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталса, Қаракөл орта мектебінің алғашқы әскери пәні дайындық пәнінің мұғалімі Ришат Ғалиахметов пен «Ұлан» балалар-жасөсіпірімдердің дене шынықтыру даярлығы клубының директоры Бауыржан Досқалиевке шипажайға тегін жолдама берілді.

Миялы спорт кешенінде өткен шараға облыстағы орта мектептерден 80 келі салмаққа дейін 11 балуан, 80 келіден жоғары салмақта 12 балуан, барлығы 23 балуан қатысып, бақтарын сынады. Жарыс қорытындысында 80 келі салмаққа дейін сынға түскен балуандар арасында ақтық айқас Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Сағат Ғазимов пен атыраулық Бекзат Шакупов арасында өтіп, қызылқоғалық балуан Сағат Ғазимов 2 минут 12 секундта таза жеңіске жетті. Үшінші орынды индерлік балуан Бейбарыс Қуанышев пен атыраулық балуан Таңатар Шалқар иеленді. Ал, 80 келіден жоғары салмақ бойынша белдескендер арасында  жерлесіміз, Д.Қонаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің мұғалімі Руслан Ізғалиев «Ұстаз барысы» атанса, индерлік Фархад Серік ІІ орынды, сағыздық балуан Дәурен Кәдірбек пен құрманғазылық балуан Жеңісбек Төлеуов ІІІ орынды иемденді.

Жарыс соңында өз салмақ дәрежелері бойынша І орынды жеңіп алған Сағат Ғазимов пен Руслан Ізғалиев 200 мың теңге сыйақыны иеленсе, барлық жүлдегерге арнайы медаль мен диплом табысталды.

Бауыржан САҚТАСЫНОВ

.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT