25 қазан – Республика күніне орай Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты ауылында ерлер мен әйелдер арасында дәстүрлі садақ атудан батыс аймақтық ашық турнир өтті.
Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы елуге жуық қатысушы бақ сынаған жарыста ауданымыздан үш мергеніміз 70 метр қашықтықта дәстүрлі садақ ату, 60 метр қалқан және 30 метр қашықтықтағы жамбы ату нысанасы бойынша бақ сынады. Нәтижесінде, жамбы ату нысанасы бойынша Қайырбек Қабыл І орынды жеңіп алды. Бұл ретте, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ризабек Амантайұлы:
- Ауданымызда мергендікті меңгерген жастар көбейіп келеді. Бүгін біз бес қарудың бірі саналатын садақ ату өнері туралы сөз қозғамақпын. Қазір бұл спорт түрі ауданымызда да жап-жақсы дамып келеді. Садақ ату – қазақтың қанында бар өнер. Жаугершілік заманда ата-бабамыздың мінер аты белдеуде, бес қаруы кереге басында сақталып, әр ауылдың ұландары кез келген жағдайға дайын болуға машықтанғаны аян. Осы бес қарудың бірі – ұлттық садақ ату өнері заманға сай қайта жаңғырып жатқаны көңіл қуантады. Басты мақсат – қазақ елінде ұлттық құндылықтарды көтеру. Ұмытылған дәстүрді жаңғырту. Бабамыздан аманат етілген құндылықты әр қазақтың бойына сіңіру. Сонда ғана азаматтарымыздың болашағы жарқын болмақ, -дейді.