Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚОС ЖЕРЛЕСТІҢ ҚУАНЫШЫ

Таяуда Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Даби қаласында дзюдо күресінен ардагерлер мен спорт шеберлері арасындағы әлем чемпионаты өтті. Татами төрінде 60-қа жуық елден 1027 дзюдошы келіп, жарыстың көркін қыздырды. Әлемдік додада спортшылар M1, M2, M3, M4, M5, M6, M7 санаттары бойынша бақ сынады. M2 санаты бойынша елімізден 34 спортшы күш сынасты. Тартысты жекпе-жектер нәтижесінде 60 келі салмақта еліміздің намысын қорғаған жерлесіміз, Қызылқоға балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо күресінен жаттықтырушысы Бүркіт Орынбасаров екінші орынға қол жеткізді.

-    40-45 жас аралығындағы спорт шеберлері арасындағы дзюдо күресінен сынға түстім.
Төрт белдесу өткізіп, Швеция, Италия палуандарын ұттым. Ал, ақтық сында Грекия елінің  палуанынан вазари ұпайымен ұтылып қалдым. Алтынға қол жеткізе алмадық. Десе де, команда бойынша Қазақстан І орынды иеленді. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Алдағы уақытта жақсылап дайындалып, бұл күмісті алтынға айналдыруға тырысамын,- дейді белгілі бапкер Мәлік Сүлейменовтің шәкірті Бүркіт Орынбасаров.

Дүйсенбі күні жаһандық жарыстағы палуанның жеңісіне ортақтасқан жерлестері Бүркіт Орынбасаровты Миялы ауылының шетінен сән-салтанатымен күтіп алды. Сөз кезегін тізгіндеген Қызылқоға балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Болатбек Меңдіғалиев пен ағасы Молдаш Қапашов спортшыға ізгі тілектерін жолдап, оның алдағы бәсекелерде де ел намысын абыроймен қорғай беретіндігіне сенімдерін білдірді.
Айта кету керек, дәл осы әлем чемпионатындағы 30-35 жастағы спорт шеберлері
арасындағы дзюдо күресінде  жерлесіміз 81 келі салмақтағы  Наурызбек Майлашов та екінші орынға ие болды.
Ендеше, көк туымызды әлем төрінде желбіретіп, аудан мерейін асқақтатып жүрген жерлес спортшылардың  жұмыстарына сәттілік тілейміз!

Әйгерім БИБОЗҚЫЗЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521