Сағыз дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде шынығатын жасөспірім джиу-джитсушылар үшін осы жыл табысқа толы болды.
Мәселен, сағыздық спортшылар Ақтөбе қаласында өткен «А-Кай Kids Open» турнирінде қос алтын, қос күміс медальмен оралса, Атырау қаласында облыстық джиу-джитсу федерациясының ұйымдастыруымен жастар мен жасөспірімдер арасында өткен Мәлік Сүлейменов атындағы джиу-джитсу академия кубогінде де топ жарды.
Айталық, Ақтөбе қаласындағы жарыста 30 келіде Жансерік Мақсот пен 38 келіде Жеңісбек Қыдырбай барлық қарсыластарын жеңіп, турнир жеңімпазы атанса, 34 келіде бақ сынаған Ақниет Елеусін мен Азамат Мағзом екінші орынды иеленді. Ал, Атыраудағы академия турниріндегі дода файтинг және неваза бөлімі бойыншы өтті. Неваза бөлімінде Берікболсын Жанболатұлы (34 келі), Серәлі Тұманбай (46 келі), Ғибрат Әмірше (50 келі), Ыдырыс Ноғайбайлар (60 келі) жарыс жеңімпазы атанса, Бекзат Ғабиден (46 келі) мен Батырбек Сағытжан (60 келі) екінші орынды, Исламбек Қанатұлы мен Бекзат Мағзом үшінші орынды иеленді. Ал сайыстың файтинг бөлімінде Берікболсын Жанболатұлы, Серәлі Тұманбай, Әлішер Тасболат (2005 жылғылар арасында), Ғибрат Әміршелер турнир жеңімпаздары атанса, Жеңісбек Қыдырбай екінші орынға, Исламбек Қанатұлы үшінші орынға ие болды. Осылайша, сағыздық жаттықтырушы Аманжол Бекбаулиев баптайтын сағыздық татами шеберлері қос жарыста да аудан мерейін үстем етті.
Нұрәділ ЕЛАМАН