Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Махамбет аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақтан Атырау облысы бойынша жекелей іріктеу чемпионаты өтті. Оған 9, 11 және 13 жас ерекшеліктері бойынша ұлдар мен қыздар қатысты.
Қуанышты жағдай, осы чемпионатта шапшаңдығымен бес тур бойынша Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебінің 4 - сынып оқушысы Біләл Ғалым «рапид» номинациясында І орынды, «блиц» номинациясы бойынша ІІІ орынды иеленіп, маусым айында Қарағанды қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алды. Сонымен қатар, Б.Аманшин атындағы орта мектебінің 5-сынып оқушысы Інжу Мақсым «рапид» және «блиц» номинациясы бойынша 3-орынға ие болды.
– Жарыс өте күрделі, шиеленісті өтті. Әр ұпай үшін талас болды. Шапшаңдығымен алдына жан салмай, шәкіртім республика чемпионатына жолдама ұтып алды. Тоғызқұмалақ – жай ғана ойын емес. Бұл – қазақ халқының ежелгі интеллектуалдық дәстүрі, ұлттық мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігі. Ол стратегиялық ойлау қабілетін, логиканы және шыдамдылықты дамытады. Жас спортшылар үшін бұл турнир өз шеберліктерін көрсетумен қатар, ата-баба мұрасымен тереңірек танысуға мүмкіндік береді, - дейді чемпионатқа аудан тоғызқұмалақшыларын бастап барған ұстазы Арайлым Абатқызы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық ойындарды, соның ішінде тоғызқұмалақты сақтау мен дамыту – мәдени бірегейлікті нығайту мен ұлт бірлігін арттырудың маңызды құралы екенін бірнеше рет атап өткен болатын.
Дәстүр мен заманауилықтың үйлесім табатынын, жас ұрпақты интеллектуалдық биіктерге жетелеп, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге баулитын ұлттық ойында тоғызқұмалақшыларымызға сәттілік тілейміз.
Кәмшат ӘБІШ