Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Барыстың» бағы жанды

Кеше екі күнге созылған орта білім беретін мектеп мұғалімдерінің арасында аудандық спартакиада аяқталды. Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Миялы спорт кешенінде өткен спорттық шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қанат Алпанов құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мұғалімдер арасында салауатты өмір салтын,  достық пен ынтымақтастықты насихаттау, тәжірибе алмасуды жеңілдету мақсатын көздеген дода да Сағыз ауылдық округіндегі №9, Кенбай және Сағыз орта мектептері бірігіп «Жеңіс» деген командасын  құрса, Миялы ауылындағы Х.Досмұхамедұлы, Б.Амашин атындағы орта мектептер мен Ы.Шөреков атындағы мектеп-гиназиясы «Барыс», Миялы, Жаңашаруа орта мектептері мен Ш.Еркінов атындағы орта мектебі «Көздіғара», Тасшағыл, Қаракөл, Қарабау орта мектептері мен Ғ.Сланов атындағы орта мектебі «Батыс» командасын құрды. Бұл сайысқа  Мұқыр ауылындағы екі орта мектеп белгісіз себептермен қатыспай қалды.

db27497c-7033-4fa1-b1ce-c62d7976113b

Аталмыш командалар әйелдер мен ерлер арасында волейболдан, кіші аяқ добы мен үстел теннисінен, ләңгі тебу мен  шахматтан және стритболдан сынға түсті. Алдымен ләңгі тебуден сайысқа түскен командалар арасында «Барыс» командасы жеңіс тұғырынан көрінсе, «Көздіғара», «Жеңіс» командалары екінші, үшінші орындарды иеленді. Бұдан кейін командалар үстел теннисінен бақ сынасып, «Жеңіс» командасы І орынды, «Көздіғара» командасы ІІ орынды, «Барыс» командасы ІІІ орынды иемденді. Ал, кіші аяқ доп пен стритбол ойынының нәтижесінде барлық қарсыластарын қапы қалдырған барыстықтар тағы да І орынды жеңіп алса, «Жеңіс» командасы ІІ орынды иеленіп, «Көздіғара» командасы ІІІ орынға қол жеткізді. Шахмат сайысында «Батыс» командасы барлық қарсыластарынан басым түссе, «Көздіғара» мен «Жеңіс» командалары екінші, үшінші орындарды бөлісті. Әйелдер арасында өткен волейболдан «Көздіғара» командасының бағы жанып жеңіске жетсе, ІІ орынды «Жеңіс», ІІІ орынды «Барыс» командасы иемденіп, ерлер арасындағы бәсекеде ақтық сында «Жігер» командасын 0:2 есебімен ұтқан «Барыс» І орынды, ал көздіғаралықтар ІІІ орынды қанағат тұтты. Жарыс қорытындысымен 7 турдың 4-еуінен І орынды, 2-еуінен ІІІ орынды иеленген  «Барыс» командасы жалпы  командалық есепте бірінші орынға ие болса, екінші орынды «Жеңіс» командасы еншіледі. Ал, «Көздіғара» командасы ІІІ орынды қанағат тұтты.

2d3c4d8f-fe85-493c-9cb1-b76194dc1233

Аудандық білім бөлімі атынан әр тур бойынша жақсы ойынымен көзге түскен үздік ойыншыларға дипломдар тапсырылса, жеңімпаз командалар кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды. Өткізілген әр тур бойынша жақсы ойыншылар іріктеліп, 20-30 мамыр аралығында өтетін облыстық мұғалімдер спартакиадасында аудан намысын қорғайды.

 

Бауыржан САҚТАСИНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521