Сәрсенбі, 4 қазан күні Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ Азия ойындарында 33 медаль жиынтығы сарапқа салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
57 келіге дейінгі салмақта ½ финалда қазақстандық боксшы Карина Ибрагимова тәжікстандық Мижгона Самадовамен рингке шығады, ал 66 келіге дейінгі салмақта Наталья Богданова тай боксшысы Суваннафенг Джанджаймен кездеседі.
Аралас командалар арасындағы ширек финалда қазақстандық садақшылар Адель Жексенбинова мен Андрей Тютюн өнер көрсетеді. Олар Таиланд спортшыларымен жартылай финалға шығу үшін күш сынасады.
Қазақстандық велошабандоздар Рината Сұлтанова мен Махаббат Үмітжанова тас жолдағы велоспорттан финалдық жарысқа қатысады.
Сәрсенбі күні грек-рим күресінен жарыс басталады. Бүгін төрт медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан намысын Мейіржан Шермаханбет (67 келі), Мақсат Сайлау (87 келі), Айдос Сұлтанғали (60 келі), Азат Садықов (77 келі) қорғайды.
Командалық спорт түрлері бойынша су добынан Қазақстан ерлер құрамасы Сингапур командасымен, ал волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы тайландтық қарсыластарымен кездеседі.
4 қазан күнгі таңертеңгі көрсеткіш бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 47 медаль бар - 5 алтын, 10 күміс және 32 қола. Медальдық есепте Қазақстан 13-ші орында. Медальдық есепте ТОП-3-ке Қытай (297: 161-90-46), Жапония (130: 33-47-50) және Оңтүстік Корея (139: 32-42-65) кіреді.