Тараз қаласында волейболдан 23 жасқа дейінгі ерлер командалары арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.
Аталған спорттық додада «Атырау-2» волейбол командасы Қазақстан чемпионы атанды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. Жоғарғы лиганың чемпионы атағын 8 команда сарапқа салды. 5 тур ойындарының қорытындысы бойынша «Атырау-2» волейбол командасы алтын медальге ие болды. Юрий Лабецкий бастаған облыс спортшылары 35 ойынның 30-да жеңіске жетті. Тур қорытындысы бойынша Нұрасыл Жамбылов «үздік ойыншы» атанды. Айта кетейік, 2021 жылы «Атырау-2» волейбол командасы жоғары лигада ел чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын. Бұл атыраулық команданың жоғарғы лигадағы алғашқы алтын жүлдесі.