Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ардагер ұстаз атындағы турнир

Қашанда елдің дамуына сүбелі үлесін қосып, олардың өнегелі өмір жолдарын кейінгі ұрпаққа паш етсе керемет емес пе?!

Осыған орай, жаңа жылдың алғашқы күні Жамбыл ауылдық округінде Қызылқоға ауданының құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Аманғали Мамашевтің 80 жасқа толу құрметіне арналған «Ардагер жолы – ұлылық» тақырыбында кездесу кеші болып өтті.

Кеште алдымен мерейгер иесінің лед экран арқылы өміржолдары көрсетіліп, одан кейін сөз сөйлеген аудан әкімі Арман Баженов ардагер ұстаздың жас ұрпаққа тәлімді де тәрбиесі мол ұлағатты із қалдырғандығын айта келіп, мерейлі жасымен құттықтап, алғыс хатпен бірге, иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты. Ал, кеш кейіпкерінің үзеңгілес інісі, «Тасшағыл» өндірістік кооперативінің директоры Оңғар Жанықұлов ізгі тілегін арнап, ат мінгізсе, аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, Қызылқоға ауданының құрметті азаматтары Мыңбай Жарылғаған, Тұрсын Сисенғалиевтер Аманғали Мамашевтің астарлы да уытты сөзімен халықты өзіне қарай баурап алатын шешендігін, ауданның дамуына зор үлес қосқандығын, ұрпаққа ұлағат сыйлай білген азаматтығын ерекше атап өтті. Кеш барысында, «Қаракөл» мәдениет үйінің директоры Раш Шмихова кеш иесімен сахна төрінде тамаша сұхбат жүргізсе, «Қаракөл» орта мектебінің оқушылары ардагер ұстазға арнаған өлең шумақтарымен көрермендерді бір серпілтіп тастады. Сондай-ақ, кеш кейіпкерінің немересі Нұрбақыт Аманғали «Әке» әнін, әнші Аманқос Сахиев айтыскер ақын Кәрима Оралованың «Өмір туралы» термесін тамылжыта шырқап берді. Сөйтіп, аталмыш кездесу кеші өз мәресіне жетті.

Бұдан кейін «Қаракөл» орта мектебінің спорт залында Қызылқоға ауданының құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Аманғали Мамашевтің 80 жасқа толу құрметіне арналған волейболдан аудандық турнир өткізіліп, оған Мұқыр, Ойыл, Жангелдин, Көздіғара, Тасшағыл, Қызылқоға, Тайсойған, Жамбыл ауылдық округтерінен барлығы он екі команда қатысып, тартысты ойын өткізді. Нәтижесінде, Көздіғара ауылдық округінің командасы қарсылас шақ келтірмей бірінші орынды жеңіп алса, Жамбыл ауылының жастары екінші орынды, Жангелдин ауылдық округінің командасы үшінші орынды иеленді. Жеңімпаз-жүлдегерлер диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталса, Есболат Көбенғали «Үздік ойыншы» атағына ие болды. Осылайша, ауылдастары Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Аманғали Мамашевтің мерейін бір көтеріп тастады.

Өз тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521