Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ананы ардақтаған турнир

Өткен аптаның сенбісі күні Миялы спорт кешенінде ауылшаруашылығы саласының ардагері, «Алтын алқа» иегері Қоңыр Рысмағанбетованың 80 жылдық мерейтойына арналған қазақ күресінен аймақтық турнир өтті.

Турнирге Қызылорда, Ақтөбе, Атырау облыстарынан барлығы 12 балуан қатысып, өзара кім мықтыны анықтады. Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев елдің өркендеп, дамуы жолында аянбай тер төккен еңбек майталмандарын ұлықтау кейінгі жас буынның міндеті екендігін айтып, дүбірлі додаға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бұдан кейін сөз алған Миялы ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Жаубасар Мұхамбетов, белгілі қаламгер, ауданның Құрметті азаматы Төлеген Жаңабаев, Қазақстанның еңбегі сіңірген жаттықтырушысы Мәлік Сүлейменовтер жарыс иесі жайлы жылы лебіздерін білдірсе, «Арман» мәдениет үйінің әншісі Зәуреш Жұмағалиева «Қазақ елі» әнін тамылжыта орындап берді. Ашылу салтанатынан соң жеребе бойынша екі топқа бөлінген балуандар тартысты белдесулерді бастап кетті. Топтық іріктеуде А тобында Наурызбек Майлашов топ жарса, В тобынан Сұңғат Закарияев дара шығып, екеуі ақтық айқасқа шықты.

Нәтижесінде, сәл ғана ұпай айырмашылығымен Сұңғат жеңімпаз атанса, Наурызбек екінші орынға ие болды. Ал, үшінші орын үшін өткен белдесуде атыраулық Арман Қалиев жерлесіміз Бекбол Мұқашевтан басым түсті. Турнирдің жабылу салтанатында жарыс иесі Қоңыр Рысмағанбетованың ұлы, белгілі меценат Мұрат Сарманов жарыстың жоғары деңгейде өткендігін тілге тиек етіп, бірніші орын алған Сұңғатқа 500 мың теңгенің, екінші орын алған Наурызбекке 300 мың теңгенің және үшінші орын иегері Арманға 100 мың теңгенің сертификатын табыс етсе, қызылордалық Мақсат Исақабылов пен жерлесіміз Бекбол Мұқашевты 50 мың теңге ынталандыру сыйлығымен марапаттады. Сондай-ақ, жарысқа қатысқан Жанұзақ Ермағамбетке ер тоқым тарту кетті.

 

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521