Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ат спорты жанашырлары ұлықталды

Таяуда Мұқыр ауылдық округінде аудандық ұлттық спорт түрлері федерациясының жиналысы болып өтті. Онда болашақта өткізілетін ат бәйгесі, көкпар сияқты ұлттық спорттық түрлері ойындарын дамыту бағытында көптеген мәселелер талқыланды.

 

Оған ауданның барлық ауылдық округтерінен ұлттық спорт жанашырлары, ат жаратып, бәйгеге қосып жүрген атбегілер мен шабандоздар, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали Базарбаев, аумақтық инспекция басшысы Жолдас Ибрашев, аудандық спорт мектебінің директоры Мәлік Сүлейменов, Қазақстан Республикасына Еңбегі            сіңген жаттықтырушы Марат Әбдуалиев, зейнеткер Тілек Мырзағалиев, Көздіғара ауылдық округінің тұрғыны Әбілахат Мұраттар қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, ат спортының дамуына үлес қосып жүрген Жангелдин ауылдық округінің тұрғыны, атбегі Әліби Қалиев, Мұқыр ауылдық округі тұрғындары Еркін Қабиев, Аян Тайжановтар аудандық ұлттық спорт түрлері федерациясының арнайы эмблемасы бар (статуэтка) естелік сыйлығымен марапатталды. Одан соң, өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндаған аудандық ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті, кәсіпкер Қайырбек Баймұратов:

- Биылғы жылдың маусымдық ашылуын сәуір айына жоспарлап, ат бәйгесінің шақырымдары белгіленді. Атап айтқанда, аламан бәйге – 24 шақырым, топ  бәйге – 12 шақырым, тай жарысы – 6 шақырым. Сонымен қатар, 22 наурыз Ұлыс мерекесіне орай аудан орталығында, облыс көлемінде жаппай көкпар, аударыспақ ойындары аудан әкімшілігімен өткізілу жоспарлануда. Алға қарай федерацияның жұмысын жүйелі түрде ұйымдастырып ауданда аламан бәйге, тай жарысымен қатар көкпар, теңге алу және аударыспақ ойындарын ұйымдастыру басты назарда. Бұл аталған ат спорты ойындары жастарды патриотизмге баулып, батылдыққа, ептілікке, қайсарлыққа, төзімділікке шыңдайды. Қазағымыздың қандай ма болмасын үлкен тойлары, ас берулері ат спорты ойындарынсыз өтпеген. Егерде алдын ала хабарласып, жүлде шығаратын болса жеке адамдардың да мерейлі тойларын, мектеп бітіргендердің 20, 25, 30, 40 жылдық басқосуларында аламан бәйге, тай жарыс және тағы да басқа ат спорты ойындарын өткізуге болады, - деді.

Сондай-ақ, кездесу барысын-да Мұқыр ауылының ат сүйер қауымы, атбегі азаматтарының атынан аудандық ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Қайырбек Баймұратовқа ат спортының дамуы мен өркендеуіне қосқан шексіз үлесі үшін арнайы Алғыс хат табыс етті.

Ендеше, құнды қазынамызды қайта жандандырып, ол үшін жұмыла жұмыс жасап жүрген ат спорты жанашырлары әлі де тың идеялармен  қуантады деген сенімдеміз.

Нұрсәуле СҮЛЕЙМЕН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521