Президентіміз өз Жолдауында: «Жүргізушілерді даярлау деңгейінің де төмендеп кеткені жасырын емес. Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар. Үкімет, әкімдер, Ішкі істер министрлігі батыл қадам жасауы керек», деп тайға таңба басқандай айтты.
Қазір Атырау мен екі ортаға бұрынғыдай қатты жүре алмайды. Камералар бар. Белгіленген мерзімнен ерте жетсе демек қатты жүрген деп айыппұл салатынын естідік. Бұған кибер-шерифті қосыңыз. Бірақ, ешкімде жол ережесін білмейтін, оны қасқана бұзатын, денсаулығында кінәрат бар немесе дұрыс тынықпаған автокөлік жүргізушіден сақтандырылмаған. Көлікке отырғанда кімнің-кім екенін білмейсіз, маңдайында жазулы тұрған жоқ. Сондықтан Ішкі істер министрлігі ондай жағдайды байқағанда жүргізушіге ескерту жасауды, тыңдамаса 102 телефонына қоңырау шалуды ұсынады. Бұл дұрыс та шығар. Сіз өміріңізді қатерге тігіп отыра бермейсіз ғой. Мүмкін сонда ондай жүргізушілер айылдарын жияр. Сол сияқты енді көлік басқаруды білгенімен жол ережесінен мүлдем хабарсыз жастар азаяды. Себебі, жүргізушілік куәлігін бұрынғыдай оңай ала салу мүмкін емес.
Қазір Ішкі істер министрлігі тиісті шаралар алып жатыр. Біріншіден, жүргізушінің өз бетінше даярлаудан өтуі және онлайн оқыту алып тасталды. Екіншіден, автомектептер мен курсанттарды тіркеу министрліктің ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылады және бұл өз кезегінде курстарды бітіргені туралы куәліктерді мерзімінен бұрын беру және оларды бұрмалау мүмкіндігін жояды. Сонымен қатар, ІІМ автомектептерге жүргізушілерді даярлау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат берудің лицензиялау тәртібіне қайта оралуды жоспарлап отыр. Заң мен тәртіп сақталса мұндай қылмыстар азаяды.
Қанат ҒҰМАРОВ