Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жоспарлы жұмыстар қаржыға тіреле ме?

Жарты күн елді мекендерді аралап, шалғай ауылдағы тұрғындар мұқтажын жеткізу, мәселелердің шешілу жолын білу мақсатында Көздіғара ауылдық округінің әкімі Абат Ақбалашұлының қабылдауына кірдік.

Онлайн сабаққа кіргелі отырғандығын алға тартқан әкім уақыттың тығыздығына орай негізгі мәселеге көшуін сұрады. Біз өз тарапымыздан дайындап келген сұрағымызды жаудырдық. Әкім бір-бірлеп жауап беруге көшті.

- Халқымызда «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бекер айтылмаса керек. Осы тұрғыдан алғанда, ауыл тұрғындарына қаншалықты жақынсыз?

- Әрқашанда халықпен тығыз байланыстамын. Көкейде жүрген мәселелерімен келген әр тұрғынға әр уақытта да есігіміз ашық. Мәселелерді мүмкіндігіне қарай шешеміз, біздің құзырымызға жатпайтын болмаса шешуі күрделі мәселелер болса заңдылық тұрғыда түсіндіріп, бағыт-бағдар береміз. Күні бүгінге дейін менің жеке қабылдауыма 170 тұрғын келді. Алайда, қазіргі карантиндік іс-шараларға байланысты халықпен кездесу мүмкін еместігіне қарамай, округтің «Телеграм» чатына, өзімнің жеке чатыма келген хаттарға дер кезінде жауап беріп отырмыз. Ал, келген хаттар тексеруді, нақтылауды қажет ететін сұрақтар болса, бірінші сол жағын қамтып, содан кейін жауап береміз. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, жаз айларында су мәселесіне байланысты тұрғындармен жүздесіп, елдімекендерді аралап келдім.

- Ауыл, елді мекен тұрғындарының жұмыспен қамтылуы қандай деңгейде?

- Бүйрек, Қосқұлақ елді мекендерін дамыту, соның ішінде ауыз сумен қамту сметалық жобалық құжаттары дайын. Қазіргі таңда Бүйрек елдімекеніне таза ауыз су құбыры жүргізілген, тұрғындар оны қасындағы су жинайтын қазаннан алып отыр. Ал, Қосқұлақта су құбыры тартылмағандықтан, тұрғындар жер асты суын пайдаланып отыр. Бүйрек елді мекенін жылдан жылға құм көшкіні басып жатыр. Осыған орай, Бүйрек ауылының жанына 300 метр шамасындағы жерге құм көшкінін тоқтатын арнайы ағаштар егу жоспарлануда. Қазіргі таңда экскаваторлармен сөйлесіп жатырмыз. Алдымен, олар Бүйрек ауылындағы құмның қалыңдығын қарап, экскаватордың шамасы келсе түйетін болады. Сонымен қоса, алдағы уақытта екі елдімекенге балалар ойын алаңын салу жоспарланып отыр.

- Балабақша мен мектептерде кезекші топтар ашылды ма?

- Қазіргі кезде кезекші топтар жұмыс жасап жатқан жоқ. Балабақшаны арнайы қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтап, саны 10-15 баланы құрайтын кезекші топтар ашу жоспарлануда. Балабақшамыз ескі, дей тұрғанмен жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта жаңа балабақша салу жоспарда бар. Округ орталығындағы интернатта екі елді мекеннің балалары оқиды. Алайда, қазіргі таңдағы карантиндік шектеулерге байланысты интернат бала қабылдай алмай отыр. Ал, бастауыш сыныптың балдары мектепте кезекші сыныпта, ал 5-11 сынып оқушылары онлайн тәртіпте оқуда.

- Елдімекендерді аралағанымызда мәдениет ошағы - кітапханалардың жағдайын көріп, біраз көңіліміз түсіп қалды. Жалпы округ бойынша мәдениет ошақтарына қаншалықты көңіл бөлініп отыр?

- Екі елдімекенде кітапхана бар. Олар орналасқан ғимарат мекеме сатып алған ескі тұрғын үйлер. Әзірше оларға күрделі жұмыстары жүргізілмейді. Дей тұрғанмен, келесі жылға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді қарастырылуда. - Бүйрек елдімекенінің тұрғыны Қайролла Мұқашұлы:

«60-шы жылдары салынған екі үйліктің бір жақ жартысында тұрады. Жарлас үйде бұрын Мырзағай деген жігіт тұрып еді, қазір бос тұр. Үйдің іргетасы ашылып, өз қолымен тастарды қалап тіреп қойған. Бұл үй құласа менің де үйіме зақым келеді» деп өз алаңдаушылығын білдірді.

Осы мәселе туралы не айта аласыз?

- Иә, хабардармын. Қайролла Мұқашұлы жеке қабылдауымда болғанда да, ауылдарды аралағанда да бұл мәселені айтты. Бұл тұрғын үйдің құжаты жоғалып кеткен, ал бұрынғы иесі Жылой ауданына көшіп кеткен. Ол кісілермен байланысу мүмкін емес болып отыр. Қазіргі кезде үй құжаттарын қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатырмыз.

- Округте интернет желісінің қандай түрі орнатылған?

- Қосқұлақ елдімекені округ орталығынан 9 шақырым жерде, Бүйрек елдімекені 13 шақырым жерде орналасқан. Округ орталығында актив, белайн байланыс желісінің 3G желісі шығып тұр. Елдімекендердің округ орталығынан алшақ орналасу себебінен байланыс нашар, тіпті Бүйрек елдімекенінде байланыс жоқтың қасы деуге болады. Қазіргі таңда операторлар байланыстың жылдамдығын көбейту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.

- Қосқұлақ елді мекенінде тұратын зейнеткер, жалғызбасты ана Жансая Абдуллинаның жағдайынан хабарыңыз бар ма?

- Бұл кісі 2012 жылы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтар ретінде толық емес отбасы қатарында кезекке қойылған. Заң тұрғысында кезектілікке аудан бойынша қойылады. Округ бойынша кезекте екінші орында тұр. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөліміне құжаттарын тасырып, сараптамадан өткізіп, тәуелсіз сарапшы тұрғын үй тұруға жарамсыз деп таныған жағдайда кезектіліктегі санатын өзгерте алады.

- Тоғыз айда округте қандай жұмыстар жасалды?

- Жарықтандыру мәселесі бойынша көше жарықтарын замануи жаңа лит электр шамдарына ауыстыруға қаржы бөлініп, Қоныстану ауылында 147 прожектор болса, соның 97-сі лит прожекторға ауыстырылды. Келесі жылы қалған прожекторларды лит электр шамдарымен ауыстырып, округке кіре беріс көшелерді, жолдарды жарықпен қамтамасыз ету мақсатында жобалық сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өтуде. Округ орталығында Д.Қабесов атындағы саябақ бар. Осы саябаққа биыл жөндеу жұмыстары жүргізіліп, алаңшалар, орындықтар мен көше шамдарын қою жұмыстары қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қазан-қараша айларына балалар ойын алаңын қоршау жұмыстары жүргізіліп, алаңды ойын құралдарымен жабдықтауды қарастырудамыз. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты санитарлық талаптарды сақтай отырып, ерікті жастарымыз өзеннің жағалауын тазалап, аз қамтылған отбасылар мен мүгедектерге, жалғызбасты аналар мен көп балалы отбасыларға тегін азық-түлік таратты. Жыл басынан бері жұмыссыздыққа тіркелгендердің саны 178, қоғамдық жұмысқа тартылғандар 70, вахталық әдіспен 8, әлеуметтік жұмысқа 3 адам тартылды.

Түйін

Сайып келгенде, Көздіғара ауылдық округінде шешімін табуы тиіс мәселелер жетерлік. Ауыл әкімінің айтуынша, оның басым бөлігі қаржыға келіп тіреледі. Бір ғана интернет мәселесінің «жыры» қарапайым тұрғындарды мезі қылып болғаны анық. Ендеше, тұрғындар тілегі аяқсыз қалмай, ауылдың әлеуетін көтеру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынса игі дейсің.

Әйгерім БАЙДӘУЛЕТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521