Өткен аптаның бейсенбісі күні аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылау мақсатында актив жиналысы өтті.
Аудан әкімі Арман Баженов төрағалық еткен жиынға аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, аудан прокуроры Бақтияр Кеулімжай және ауыл ақсақалдары мен бөлім-мекеме басшылары қатысты. Жиын барысында, алдымен сөз алған аудан басшысы биылғы Жолдаудың мәні мен маңызына тоқталып, ол бойынша ауданда қандай жұмыстар жасалатындығын баяндады.
Одан соң мінбеге көтерілген аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали Жолдауда айтылған тапсырмалар мен міндеттерді жүзеге асыруда аудандық мәслихат пен депутаттардың білек сыбана кірісетінін атап өтті. Содан соң кезек жарыссөзге беріліп, онда сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Орынғали Салықов пен белсенді жас Аяулым Мырзабек Жолдауда айтылған басым бағыттарға тоқталып, «Егер осы бағыттар жүйелі түрде жүзеге асса, ел дамуына еселі үлесін қосады» деп түйіндеді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Баженов ел президентінің тапсырмаларын тиянақты түрде орындауда барша аудан тұрғындарын белсене ат салысуға шақырды.
Дулат БЕРІКҰЛЫ