16-23 қыркүйек күндері Иран Ислам Республикасында каратэден халықаралық "Urmia Open" турнирі өтті, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Әлемнің мықтылары қатысқан сайыста атыраулық спортшы, жасөспірімдер Олимпиада ойындарының жүлдегері Әбілмансұр Батырғали бақ сынап, 67 келі салмақта ересектер арасында қола жүлдеге ие болды. Әбілмансұр Әзірбайжаннан келген қос спортшыны және Армения, Иран, Өзбекстан спортшыларын ұтып, жартылай финалда ирандық спортшыға есе жіберіп алды. Ал 16-17 жас аралығында 61 келі салмақта тағы бір жерлесіміз Нұрсұлтан Қалиев алты кездесу өткізіп, жарыс жеңімпазы атанды. Ол іріктеу кезеңдерінде Иранның үш спортшысын және Түркия мен Әзірбайжан спортшыларын ұтып, ақтық сында тағы бір ирандықты қапы қалдырды. Айта кетейік, енді қос спортшымыз әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.