Өткен аптада ауа-райының қолайсыздығынан округтерге қарасты мал шаруашылықтарындағы малшылар жоғалды.
Айталық, Жангелдин ауылдық округіне қарасты «Аяпберген» қыстағының малшысы 1969 жылы туылған Н.Ертілесов, «Досанқора» қыстағының малшысы 1980 жылы туылған А.Оразбаев, Ойыл ауылдық округіне қарасты «Құлымжан» қыстағының малшысы 1975 жылы туылған М.Қазиев, Мұқыр ауылдық округіне қарасты «Микоян» алқабындағы «Есен» шаруа қожалығының малшысы 1960 жылы туылған Г.Габдыгалиев, «Нұрлы-дала» агрофирма шаруа қожалығының малшысы 1985 жылы туылған Е.Бисенғалиев пен 1971 жылы туылған А.Жәрдемов мал бағып кетіп, оралмағандығы хабарланды.
Оған аудан әкімдігінің қызметкерлері «Урал» вахтовка автокөлігі, өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері «Трэкол» автокөлігімен, отызға жуық еріктілер тобы, мекеме көліктері, камаз, уаз, трактор автокөліктерімен іздестіруге жұмылдырылды. Дереу іздестіру жұмыстары нәтижесінде жоғалған азаматтар аман-есен табылып, үйлеріне жеткізілді. Осы орайда, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері азаматтық қорғау капитаны Дастан Әділхан:
- Ауа райының қолайсыздығынан аудандық төтенше жағдай бөлімінде іздеу, құтқару сынды жұмыстар көбейді. Осы орайда, аудан тұрғындарына, қыстақтардағы шаруагерлерге жолға шығу немесе мал бағу кезінде 112 «Құтқару қызметі» хабарламасы мен ескертпелерді ескерулерін сұраймыз. Ауа-райының бұзылуын аңғарған жағдайда, мүмкіндігінше елді мекеннен алыс жерлерге шықпаған дұрыс. Егер адасып немесе басқа да тосын оқиғаға тап болған жағдайда дереу 112 немесе 101 нөміріне хабарласу керек, - дейді.
Иә, көктем мезгілі басталғанымен мамыражай күйге түспегеніміз анық. Ендеше, «Сақтансаң, сақтармын» дегендей ауа-райының ыңғайына қарай жолға шыққанға не жетсін?!
Өз тілшіміз